Биыл «Тассай» индустриялық аймағында 19 млрд. теңгенің 7 жобасы жүзеге асады
Биыл «Тассай» индустриялық аймағында жалпы құны 19 млрд 684 млн теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылатын болады. Нәтижесінде 720 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл туралы аталған өндірістік аймақтың жұмысымен танысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысы алдымен «Asia Trafo» ЖШС 110-120 кВт болатын жоғары кернеулі трансформатор шығаратын зауытын аралап көрді. 2016 жылдан бастап салына бастаған нысанды іске қосу жұмыстары 2018 жылдың екінші тоқсанына жоспарланып отыр.
Айта кетейік, кәсіпорын кәсіпкерлікті қолдау картасының аясында жүзеге асырылуда. Мұндағы жоба құны 17,5 млрд. теңгені құрайды. Зауыт жылына 120 трансформатор шығаруды жоспарлап отыр. Зауыт өнімдері Қазақстан мен ТМД елдерінің сұранасын қанағаттандыратын болады.
«Тассай» индустриялық аймағының жалпы аумағы 89 гектарды құрайды. Мұнда бүгінде жалпы құны 37 млрд 948 млн теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобалар толық іске асса, 1631 жұмыс орны ашылмақ.
Индустриалды аймақты аралап көрген өңір басшысы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының да барысымен танысты. Қазіргі таңда аймақта 2500 декаративті тал-дарақ отырғызылған. Олардың арасында қайың, қырымдық қарағай, қарағаш сынды түрлері де бар.
Фотограф: Самат Мырзалиев