Сандыбаевтың сорақылығына тыйым жоқ па?
Оқырманның «Жанайғайын» жауапсыз қалдырғымыз келмей, Шымкент қаласындағы мал базарына баруымызға тура келді. Төрт газеттің журналистері мал базарындағы өз көзімізбен көргендерімізге сенер-сенбесімізді білмей дал болдық.
1 млн-нан астам халқы бар қаладағы мал базары деп айтуға тілің бармайды. Таяу Шығыс елдеріндегі басиесіз қаланың базарында мұндай емес шығар, әсте. Базардың ішінде бір шетте өлген қойдың терісі, ішек-қарыны шашылып жатыр. Базарға кіре беріс залалсыздандыратын жағдайда емес, құйып қой батпақты су қайта ауру жұқтыра ма деп қорқасың. «Ауру мал орны » деген жерде қара құлып, ал өлген малдың жатысы анау.
Өрт қауіпсіздігі шараларын қарастыру бұл жерде ертегі сияқты. Электр бағаналарын көргенде төбе шашың тік тұрады. Базардың ішімен жүріп өтуге тіксінесің. Базар иесі жеке кәсіпкер Дәуренбек Сандыбаев таңертең жүрген еді делінгенімен табылмады. Ол түгілі, оның орынбасары Талғат деген азаматқа базар қызметкерлері телефонмен хабар айтса да,төбесін көрсетпей зым-зия жоғалды.
Ол келгеннің өзінде не деп ақталады? Бәрі көзге көрініп тұр, суретке,бейнекамераға түсіріліп алынды. Соншама сорақылыққа облыстық ҚДСД мен өрт сөндіру мекеменің басшылары қорықпай, қалай көз жұма қарайды? Сонда біздің Шымкентте бір сұмдық шықпаса, бәрін көрмегенсіп отыра ма?
Ал, облыстық кіріс департаментінің басшысы А.Үмбетәлиевпен нағашы-жиенді Д.Сандыбаев салық төлеуге келгенде, не істеп отырғанына жауап бере ала ма? Д.Сандыбаев та табылар,басталған журналистік зерттеу ақ-қарасын да айтар. Ал, қазіргі көзбен көрген бейнебаянды таныстыра тұрайық.
«Қазақстан жолы» ақпарат