«Кел, келінім» қазаққа керек пе?

КТК телеарнасының «Кел, келінім» реалити шоуы аз уақыттың ішінде елді дүрліктіріп жіберді.

Құдай-ау! Қазақ қоғамы дәл қазір осындай бағдарламаға зәру ме еді? Осы телеарна басшылығында отырғандар жақсы менен  жаманды айырудан қалып бара жатқан жоқ  па? Әлгі «Қалаулымды» арнамыздан алыстатамыз деп ел ағалары әлек болып жүргенде, мына пысықайлардың істеп жатқанына қарап жердің тесігі болса кіріп кетуден тайынбассың.

«Кел, келінім» сіз бен бізге нені үйреткісі келеді? Қазақтың қара көз қыздары жігіт іздеп шарқ ұрғаны, одан қалса, өздерінің дүйім жұрттың алдында телеарна түсірілімінде тұрғанымен жұмысы жоқ, иба мен ұятты ысырып тастап, бірінің етін бірін жеуге дайын тұратын бұл қазақ қыздары қайдан шықты? Көргенде намыстан өлердей болып отырасың.

Ал әлгі қалыңдық таңдап, «шалқып» жүрген төрт жігіттің де тірлігі намысыңа тиетін сұмдық! Масқара! «Абай жолының» авторы Мұқағали Мақатаев пен Жамбыл Жабаев деп көкігенде беттері былқ етпейді. «Көшпенділерді» кім жазды десе, Ақан Сатаев деп қуана жауап берген қазақ жігіттерінің санасында саңлау жоқ па? Ең сорақысы «Бие – түйенің әйелі» деп білгішсінген серілер, бұл сұраққа да жауап бере алмай жер шұқыды. Не деген мәңгүрттік?! «Қазақпыз, еркекпіз» деп кеуде керетін жігіттер телеарналарға шығып, масқара болып жар іздегенше, «мен не айтып отырмын, нені білемін?» деп бір сәт өзіне сұрақ қоймас па екен? Телеарнадағы масқаралықтар қашан тоқтатылады? Өзіміздің масқаралықтарымызды алаулатып телеарналардан көрсеткенше, «Дара жол» секілді, һәм үлгі боларлық дүниелер қарасын көбейтсе, мұндай сорақылықтар болмас па еді?

 Ұлжалғас Өскен

 

Фото интернет желісінен алынды.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.