Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев студент жастармен кездесті
Бүгін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев студент жастармен кездесті. Басқосуда аймақ басшысы болашақ маман иелеріне «Рухани жаңғыру: жастар және тарихи тағылым» тақырыбында лекция оқыды. Шараға жоғары оқу орнының оқытушылары мен жас ғалымдар, студент жастар және БАҚ өкілдері, жалпы саны 400-ге жуық адам қатысты.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын түсіндіріп, жастармен пікір алмасуға арналған кездесуде облыс әкімі қоғамдық сананы жан-жақты және түбегейлі жаңғыртуға бағытталған ұлттық жобаның ұсынылуы -ел дамуының тарихи кезеңіне сай маңызды шешім болғандығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы: «Санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», — деп нақты міндет қойды. Президент қазақстандық жастардың тәрбиесіне үнемі назар аударып келеді. Оның айғағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы ең маңызды міндеттердің бірі адами капитал сапасын жақсартуға басымдық бергендігі. Ең бірінші әрбір азамат өз тілін білуі қажет. Сондай-ақ, Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейтуде екі нәрсенің басын нақты ашып беріп отыр. Оның бірі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғырудың болмайтындығы. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту. Мұндағы басты идея – болашақ пен өткенді үйлесімді сабақтастыра білу. Озығын алып, тозығын тастау», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Басқосу барысында студент жастар облыс басшысына толғандырған сауалдарын қойып, жауап алды. Атап айтқанда, Цифрлы Қазақстан, Латын әліпбиіне көшу сынды өзекті тақырыптар көтерілді. Бұдан бөлек, аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы Қазақ дипломатиясының жетістігі мен Түркология ғылымының жарқын болашағы тақырыбында сөз қозғады. Ұлттық бағдарламаның маңызды тұстарына тоқталды.
Игі шара соңында Жансейіт Қансейітұлына Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Оңалбай Аяшев ЖОО-ның профессоры атағын табыстап, аталған шаңырақтың «Ақбаян» сән орталығы арнайы дайындаған мантияны кигізді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі