2018 жылы елімізде жәрдемақы көлемі өсті
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2 405 теңге болды (2017 ж – 2269 теңге). Жалақының ең төменгі мөлшері 28 284 теңгені, ал ең төменгі зейнетақы көлемі 33 745 теңгені құрады.
Ана мен баланы қорғау, балалы отбасыларды қолдау, еліміздегі демографиялық жағдайды жақсарту мен бала тууға ынталандыру жөніндегі шаралар кешенінде бала тууына байланысты келесі жәрдемақылар көзделген:
* Бала тууына байланысты тағайындалатын бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы (жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге):
— бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 91 390 теңге;
— төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 151 515 теңге.
* Жүктілікке және босануға байланысты табысын жоғалту бойынша бір жолғы әлеуметтік төлем (Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыс істейтін әйелдерге) мөлшері әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың орташа айлық мөлшерін тиісті коэффициенттерге көбейту арқылы есептеледі.
* Бала бiр жасқа толық толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты тағайындалатын ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (жұмыс істемейтін әйелдерге):
— бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 13 852,8 теңге;
— екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 16 378,05 теңге;
— үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 18 879,25 теңге;
— төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 21 404,5 теңге.
* Бала күтіміне байланысты бiр жасқа толық толғанға дейiн төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлем (Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыс істейтін әйелдерге) мөлшері әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың орташа айлық мөлшерін табысты алмастыру коэффициентіне көбейту арқылы есептеледі.
* Тұрмысы төмен отбасындағы 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы:
Отбасы қарауындағы әр балаға 18 жасқа толғанға дейін — 1,05 АЕК немесе 2 525,25 теңге.
* Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасына — 1,05 ЖТМ немесе 29 698,2 теңге.
* «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға — 6,4 АЕК немесе 15 392 теңге.
* Бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға 4,16 АЕК немесе 10 004 теңге мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады.
* ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне арналған жәрдемақы — 16 АЕК немесе 38 480 теңге.
* Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (із-түссіз жоғалған) әскерилердің қайта некеге тұрмаған жұбайлары 4,48 АЕК немесе 10 775 теңге алады.
* Бейбіт уақытта әскери міндетін өтеу кезінде қайтыс болған әскерилердің отбасыларына 4,59 АЕК немесе 11 039 теңге төленеді.
* I, II топтағы мүгедектерге арналған жәрдемақы — 1,49 АЕК немесе 3 584 теңге;
* III топтағы мүгедектерге арналған жәрдемақы — 0,64 АЕК немесе 1 540 теңге.
Биыл аз қамтылған отбасыларға төленетін қолданыстағы үш жәрдемақы төлемдерін (атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі балаларға төленетін жәрдемақы, төрт және одан да көп балалары бар отбасыларға төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы) біріктіретін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы – бірыңғай жәрдемақы жүйесі енгізілді.
Дереккөз: Baq.kz