Головкин Сауль Альвареспен келіссөздерді қайта бастады
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (38-0-1, 34 КО) жекпе-жектен түсетін табысты бөлуге қатысты талаптарынан бас тартып, мексикалық спортшы Сауль «Канело» Альвареспен қыркүйекке жоспарланған реваншқа байланысты қайта келіссөзді бастады. Бұл туралы GGG промоутері Том Леффлер ESPN басылымына мәлімдеді, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Халықаралық бокс федерациясы (IBF) орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан айырғаннан кейін Головкин позициясын өзгертті. Ұйым мұндай шешімді Қазақстандық боксшы 3 тамызға дейін Сергей Деревянченкомен (12-0, 10 КО) жекпе-жекке шығудан бас тартқан соң қабылдады.
«Бір белбеу минус, айыппұл плюс». IBF Головкинді чемпиондық титулынан айырған себебін түсіндірді.
IBF 5 мамырда америкалық Ванес Мартиросянмен (36-4-1, 21 КО) бокстасуға рұқсат бергенде, қазақстандық боксшыға осындай шарт қойған. Осылайша IBF орта салмақтағы титулы бос болып қалды. Дегенмен Головкинде орта салмақта WBA (Super), WBC және IBO чемпиондық атағы бар.
Мұнымен қоса, Головкин IBF алдындағы міндетін 5 мамырға дейін орындауды жоспарлаған. Ол кезде «Канеломен» бокстасу керек еді. Бірақ мексикалық боксшының екі допинг сынамасы оң нәтиже көрсетіп, ол алты айға бокстан шеттетілген болатын.
Головкиннің командасы Сауль Альваресті IBF-пен проблемаларға кінәлі деп есептеп, өтемақы талап етті
Головкин мен Альварес командалары боксты қыркүйекте өткізуге жоспарлаған. Бірақ келіссөздер жүзеге аспады. Қазақстандық боксшы өз үлесін 35-тен 50-ге дейін көтерген. Бірақ мексикалық тарап GGG-ге келісім бермеді. 6 маусымда «Канелоның» промоутері Оскар Де Ла Хойя Головкинмен келіссөздерді тоқтатқаны туралы хабарлады.
Бірақ Леффлердің айтуынша, Головкин өз талаптарын азайтуға дайын.
«Геннадий өзі талап еткен «50/50»-ден бас тартуға дайын. Оскардың не айтқанына қарамастан, «Канеломен» реваншқа шыққысы келеді. Себебі ол Альвареспен бокстасқысы келеді.
Головкин реванштан түскен пайданы 55/45 қылып көп бөлігін «Канелоға» беруге дайын. Олардың реваншы – бокс үшін де, Геннадий үшін де ең маңызды жекпе-жек. Біз бұл жекпе-жектің өткенін қалаймыз.
Мен Оскармен емес, Эрик Гомеспен (GBP президенті) келіссөз жүргізіп жатырмын. Эрикпен сәрсенбі күні сөйлестім. Ол маған Оскар және «Канеломен» сөйлесіп, не істеуге болатынын анықтап көретінін айтты», — деді GGG промоутері.