Шымкентте екі арнаулы балабақша ашылды
Бүгін Шымкент қаласында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында №17 «Достық» және №37 «Әйгерім» бөбекжай-балабақшаларының ашылу салтанаты өтті.
Арнаулы коррекциялық қос бөбекжай-балабақша жалпы 110 орынға лайықталған.
Қос ғимарат кәсіпкер меценат, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, облыстық мәслихат депутаты, «ОТАУ груп» компаниясының президенті Қайрат Молдасейітов демеушілігімен салынған. Жобаның жалпы құны 280 млн. теңгені құрайды.
Жаңа орталықтың ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев балғындарға арналған арнаулы бөбекжай-балабақшалардың ашылуымен қала тұрғындарын тұрғындарын құттықтады.
«Бүгін ел игілігі үшін салынған әлеуметтік нысандардың біріне куә болып отырмыз. Бұл 60 және 50 орындық екі балабақша бүгіннен бастап ел игілігі үшін пайдалануға тапсырылады. Оның бірі «Айгерім» бөбекжай-балабақшасы — психикалық дамуы шектеулі балаларға арналады. Екіншісі «Достық» бөбекжай-балабақшасы — тірек-қимыл функциялары бұзылған балаларға арнап салынды. Осы бір тағдырдың салғанына еріксіз мойынсынған жас жеткіншектеріміз үшін қол ұшын созып, көмек берген Қайрат Құсейінұлына алғысымыз шексіз. Осындай қолдау көрсетіп, демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлердің еңбектері өзгелерге үлгі боларлық шынайы патриотизмнің көріністері деп білемін», — деді Жансейіт Түймебаев.
Оңтүстікке «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кәсіпкерлер демеушілігімен көптеген әлеуметтік нысандар салынып, ел игілігіне берілуде. Мұндай игілікті істер әлі де жалғасатын болады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі