«7-20-25» тұрғын үй ипотекалық бағдарламасын бекітілді
ҚР Ұлттық банкі «7-20-25» тұрғын үй несиелеу бағдарламасын бекітті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Президентінің «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде айтылған «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бастамасын іске асыру мақсатында әзірленді.
Бағдарлама ипотекалық тұрғын үй несиесін берудің негзгі шарттарын, қарыз алушы мен банк үшін өлшемдерді, банк пен оператордың өзара қарым-қатынасын, сонымен қатар бағдарламаның тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін заңнамалық деңгейде қабылдануы тиіс шараларды анықтайды.
Бағдарламаға еңбек және кәсіпкерлік қызметінен тұрақты табысы бар және баспанасы жоқ Қазақстанның кез келген азаматы қатыса алады.
Сонымен қатар, аталған бағдарлама Қазақстанның кез-келген өңірінен бірінші нарықтан тұрғын үй алу үшін ипотекалық несие беруді көздейді:
25 миллион теңге — Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін;
15 миллион теңге – өзге аймақтар үшін.
Ал, бағдарламаның операторы ҚР Ұлттық банкінің еншілес ұйымы – «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ.
Айта кетейік, қатысушы-банктердің несие беруді бастағаны туралы ақпарат ҚР Ұлттық банкінің сайтында жарияланады. «7-20-25» бағдарламасы ағымдағы жылдың екінші жарты жылдығында жүзеге асырыла бастайды деп күтілуде.
Сонымен қатар, «7-20-25» бағдарламасын түсіндіру мақсатында Ұлттық банктың мобильді қосымшасында 2018 жылдың 19 маусымынан бастап «7-20-25» жаңа бөлімі іске қосылды. Онда аталған бағдарламаға қатысты қызықты сұрақтарға жауап алуға болады.
Бағдарламамен Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің сайтында мына сілтемеден өту арқылы таныса аласыздар.