Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келді.

Сапары барысында Түркістан аймағын дамыту перспективалары туралы комиссияның бірінші отырысына қатысып, қаланың даму жоспарымен танысты.

Жаңа облыс орталығының даму жоспарымен таныстырған Ж.Түймебаев Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында арнайы штаб құрылғанын атап өтті.

Асқар Маминге сонымен қатар, жаңа әкімшілік-іскерлік орталықты дамыту жобасы, жол, құрылыс инфрақұрылымдарын одан әрі жаңғырту жұмыстары баяндалды.

Мәселен, жаңадан жасалған бас жоспарға сәйкес қала аумағының көлемі 35 мың гектарға ұлғайған. Ал Түркістан қаласының шығыс бөлігінен жаңа қалашық салу үшін 670 гектар жер бөлініп отыр. Оның 170 гектар болатын аумағына әкімшілік-іскерлік орталық салынса, 300 гектарына көп қабатты тұрғын үйлер тұрғызылатын болады. Аталған қалашықта 65 мыңға жуық тұрғын тұрады деп жоспарлануда.Сонымен қатар, жаңа жоспарға сәйкес инфрақұрылымдық жүйелерді және көліктік-логистикалық бағытты дамыту жолдары қарастырылуда.

Бұдан бөлек, таныстырылым барысында  «Көне Түркістан» тарихи бөлігін жаңғырту жобасы туралы баяндалды. Жоба Қ.А.Яссауи кесенесі маңындағы қорғандарды реконструкциялауға бағытталған. Көне Түркістан» жобасының негізгі идеялық мәнін іске асырудың 2 нұсқасы ұсынылып отыр. Оның біріншісі «Түрксой» ұйымына мүше елдердің мәдени ошақтарын нақты тарихи сипатта, өзіндік сәулеттік нақышта қалыптастыру жөнінде жобалық ұсыныстарын алу және сол елдерге тиісті нысандарды салдыру. Екінші нұсқада түркітілдес елдер тарапынан инвестиция салу мәселесімен қатар отандық немесе басқа да инвесторларды тарту жұмыстары қоса жүргізу қаралған.

Қаланың даму жоспарымен танысқан  Асқар Мамин аталған жұмыстардың орындалуы Үкімет тарапынан қадағаланатынын айтып, Мемлекет басшысы тапсырмасының тиісті деңгейде жүзеге асыру үшін Үкіметтен мейлінше қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Түркістан қаласы әкімдігінің жұмысымен және мемлекеттік қызметкерлерге арналған жатақханамен, сондай-ақ, қолданыстағы темір жол вокзалын аралап көрді.

                                                                               Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.