Түркістанның бас жоспарына халықаралық конкурс жарияланды

Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин облыс орталығында Түркістан аймағын дамыту перспективалары туралы комиссияның алғашқы отырысын өткізді.

Комиссия отырысына ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары О.Оразалин, Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Ұлттық экономика вице-министрі А.Жұмағұлов, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Е.Нысанбаев, Білім және ғылым вице-министрі Б.Асылова, Ішкі істер министрінің орынбасары Е.Бисенқұлов, Энергетика вице-министрі М.Мырзағалиев, Инвестициялар және даму вице-министрі Қ.Өскенбаев, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары О.Әбішев, Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Е.Қожағапанов, Қаржы вице-министрі Қ.Баеділов, Мемл-екеттік қызмет істері және сыбайлас жемқор¬лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары А.Шаймова, Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы М.Имандосов қатысты.

Елбасы Жарлығына сай облыс орталығын Түркістанға көшіру жұмыстарын жоспарға сай жүзеге асыру үшін арнайы штаб құрылғанын айтқан облыс әкімі Ж.Түймебаев аталған тапсырмаларды сәтті орындау үшін Үкімет деңгейінде шешуді қажет ететін бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.

«Түркістан қаласын ауыз сумен, газбен, жылумен, электр қуатымен қамту, сонымен қатар кәріз жүйесінің құрылысы жобалары мен Түркістан және Кентау қалаларында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын салу, инфрақұрылымын дамытуға және туризм индустриясына басымдық берілу қажет. Рухани қалаға зиярат ету үшін жылына 1 миллионнан астам адам келеді. Оның ішінде 160 мыңдайы шетелдіктер.  Осы орайда, облыстың туристік потенциалын толық іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында, Түркістан қаласында халықаралық әуежай мен Түркістан-Шымкент, Түркістан-Ташкент жүрдек поездын ашу да маңызды. Жақын шетелдермен туристік байланысты нығайту үшін халықаралық автовокзал құрылысын қарастыруды да жөн деп санаймыз. Сонымен қатар 8-10 айда негізгі әкімдік ғимараттарын аяқтап, оған дейін мемлекеттік қызметкерлердің баспана жалдау  жайын мемлекет есебінен шешу мәселесін ұсынамын. Қысқа мерзімде көпқабатты тұрғын үйлерді салуға еліміздегі ең ірі құрылыс компаниялары қызығушылық танытып отыр. Бүгінде көшіру шығындары мен қажетті ғимараттар мен баспана және өзге де мәселелер толығымен есептеліп отыр. Инфрақұрылымдық және транспорттық-логистикалық жүйелер зерттелді. Түркістан еліміздің батыс өңірлерін көкөніспен, азық-түлікпен қамтамасыз ететін орталыққа айналған. Енді бұл тиімді бағытта жаңа деңгейде дамытуды қолға алуды қарастырамыз. Себебі Түркістанда ауыл шаруашылығын дамытуға климаттық жағдай өте ыңғайлы. Елімізді, әсіресе батыс аймақтардың көкөніске деген сұранысын қамтамасыз ету үшін жұмыстар барынша күшейтілетін болады.  Түркістан облысының жаңадан құрылуына байланысты осындай ерекшеліктерді қамтый отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қайта қарастыруымыз қажет»,-деді Ж.Түймебаев.

Көне шаһар Түркістанның облыс орталығы мәртебесін алуы үлкен жауапкершілік пен міндетті жүктеп отырғанын айтқан қала әкімі Ә.Өсербаев қаланың даму динамикасы мен логистикалық мүмкіндігін арттыру және инфрақұрылымын жетілдіру қажеттілігі туындап отырғанын жеткізді.

«Бүгінде қала тұрғындарының 94 пайызы орталықтандырылған таза ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Алайда облыс орталығы болуына байланысты, қала халқының саны 250 мыңға дейін өскен жағдайда қажетті су көлемі тәулігіне 50 мың  кубты құрайды. Келешекте қаланы толыққанды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жаңа су қоймалары салыну қажет. Бүгінгі таңда қала халқының 26,4 пайызы көгілдір отынмен қамтылған болса, тиісті қаржы бөлінген жағдайда 2019 жылдың соңында  тұрғындарды толығымен газбен қамтылады. Ал қаламыздағы жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайтын басты көшелерінде кептелістер орын алуы мүмкін. Сондықтан да алдағы уақытта  көшелердің енін 12-18 метрге дейін кеңейту қажеттілі туындауда. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар «Батыс Европа-Батыс Қытай» дәлізі қаланың ортасынан өткендіктен қала тұрғындары мен қонақтарының жолда жүру қауіпсіздігін қамтасыз етуге кері әсерін тигізуде. Осы ретте, қала ішінде орналасқан 18 шақырым республикалық маңызы бар жолды қала сыртына көшіру қажет»,-деді Ә.Өсербаев.

Отырыста сөз алған ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қ.Өскенбаев Түркістан қаласын дамыту бойынша жасалынатын жаңа бас жоспарды 2 кезең бойынша жүзеге асыруды ұсынды.

«Біріншісі түркі әлемінің мәдени рухани орталығы және Түркістан облысының орталығы ретінде Түркістан қаласының бас жоспары тұжырымдамасын үздік нұсқасына халықаралық конкурс ұйымдастырылатынын болады. Сондай-ақ, Астана қаласының салу тәжірибесін ескере отырып, қаланың тұжырымдамасын техникалық тапсырмасы мен бас жоспарын әзірлеу үшін Астана бас жоспарын тартуды немесе Түркістан қаласында филиалын құруды ұсынамын. Екінші кезеңде қабылданған 2050 жылға дейінгі тұжырымдаманы ескере отырып қаланы дамытудың егжей-тегжейлі ұсыныстары қамтылған бас жоспарды әзірлеуге кірісу. Бас жоспарды сәтті әзірлеу үшін облыс орталығы ретінде Түркістан қаласын дамытудың жол картасын әзірленген жобасына сәйкес барлық мүдделі мемлекеттік органдардың белсенді қатысуы қажет»,-деді Қ.Өскенбаев.

Түркістан қаласының дамуы бойынша кешенді шаралар қабылдау міндеті тұрғанын айтқан ҚР ұлттық экономика вице-министрі А.Жұмағұлов жалпы экономикалық көрсеткіштер бойынша облысты қайта қарау керек екеніне тоқталды.

Оның айтуынша,  жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім бойынша бүгінгі күндегі көрсеткіш 1 млн теңгенің төңірегінде екен. Бұл көрсеткіш Республика бойынша ең төменгі көрсеткіш деп айтсақ болады. Сол себепті жалпы экономика бойынша кешенді жұмыстар қарқынды жүру керек екені көрсетіліп отыр деді.

Жиынды қорытындылаған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жоғарыда баяндамашылардың көтерген мәселелері назарға алынатынын айтып, Елбасы тапсырмасын тиісті деңгейде орындау үшін бар күш-жігерді салуды тапсырды. Сонымен қоса тиісті жоспар жасап, ұсыныс енгізуді сала жетекшілеріне жүктеді.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.