Сайрамда Астананың 20 жылдығына бірқатар нысандар ашылды
Бүгін Түркістан облысының Сайрам ауданында Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында бірқатар нысандар ашылып, ел игілігіне берілді.
Оның бірі Ақускент ауылындағы мемлекеттік жекеменшік аясында қайта құрылған 200 орындық балабақша. Бөбекжай заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда әр топқа арналған ойын алаңшалары, жас өрендердің тәрбие алуына және олардың бойына білімнің алғашқы негізін қалауға қажетті жағдайдың барлығы жасалған.
Салтанатты шарада сөз алған аймақ басшысы сайрамдықтарды Астана күнімен құттықтады.
Бұдан бөлек, Ақсукент-2 ауылындағы №3 Сайрам аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қайта құрылымдаудан өткен спорт залы, жабық футбол алаңы мен әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді.
Барлық талаптарға жауап беретін бұл спорттық кешеннің құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталып, бүгін тапсырылып отыр. Жобаның құны 209 млн теңгеден асады. Яғни, мердігер аталған қаржыға спортпен емін-еркін шұғылдану үшін барлық жағдайды жаратып берген.
Спорт мектебінің тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі барша спортшыларды мерейлі мерекемен құттықтап, аталған мектептен елдің абыройын әлемдік ареналарда асқақтатып, көк туымызды биіктен желбірететін мықты спортшылар тәрбиеленіп шыға берсін деген ізгі тілегін білдірді.
Осы күні Ақсу ауылында орналасқан «Gas Standart System» ЖШС-нің» сұйық газ сақтайтын және сататын кешені іске қосылды. Мұнда сұйық газдың сыйымдылығы 650 текше метр болатын 13 резервуар жерге көмілген. Бұл өз кезегінде экологияға зиян келтірмейді және бағасы жағынан бензинмен салыстырғанда 2,5 есе арзан.
Міне, осыны ұтымды пайдалана білген кәсіпкер жылдық қуаттылығы 15 мың тонна болатын кешенді қазіргі заман талабына сай етіп, 30 адамды жұмыспен қамти отырып ашып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
фотограф: Самат Мырзалиев