Мәскеудің бас сәулетшісі алып тиінге пікірін білдірді

Мәскеу қаласының бас архитекторы Сергей Кузнецов Алматыда 23 млн теңгеге тұрғызылған алып тиінге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Мен тиінді бірінші рет көріп тұрмын. Ол күлкілі екен. Бұл жаман емес. Бірақ әрбір инсталляцияның жеке тарихы, түсіндірмесі болу керек. Тиіннің сыртына қарасаң қызығасың. Алайда оның неге осында тұрғанын түсіндіретін әңгіме қажет. Мысалы, Ресейдің Орел қаласында сабаннан алып бүркіт тұрғызылды. Ал осы оқиғаға қатысты не айтарымды білмей тұрмын. Оқиға баға беру қиын», — деді сәулетші.

Осы орайда Сергей Кузнецов алып тиіннің жұртты өзіне қаратып, қоғамдық талқыға түсуіне оң баға берді.

«Мұны барлығы талқыға салып жатыр. Демек, тиін қаланың атын шығаруда. Менің ойымша, бұл – жақсы. Себебі, пиар жасауға жақсы мүмкіндік туды. Мысалы, Мәскеуде үлкен жанжал болған. Онда париждік Louis Vuitton сән үйі қаланың ортасында үлкен чемодан қойды. Мұны әлемдегі көптеген адам көрді. Яғни уақытша инсталляция белгілі уақыт көлемінде әлем елдері Мәскеуді талқыға салатындай мүмкіндік тудырды. Менің пікірімше, бұл қала үшін жақсы. Осы кезде ресейлік патриоттар келіп «біз шетелдік чемоданның шаһардың ортасында тұрғанына жол бермеуіміз керек. Оны сындырып тастайық» деді. Әрине, бұл ақылға сыймайтын позиция. Бірақ біз чемоданды сындырып тындық. Ол адамдар арасында резонанс тудырды ғой. Сондықтан алып тиін қоғамдық резонанс тудырса, оған тек рахмет айту керек. Жарайсың, алып тиін», — деді ол.

Сонымен қатар, мәскеулік сәулетші қалада орнатылатын заманауи инсталляцияларға қатысты өз ойын айтты.

«Біз презентация уақытында өмір сүріп жатырмыз. Ақпараттық кеңістік көптеген адам үшін физикалық кеңістіктен алдыңғы орынға шықты. Біз ақпарат ағынының құрбанына айналудамыз. Уақытымыздың басым бөлігі әлеуметтік желіде өтеді. Сондықтан ақпараттық кеңістікті сілкіндірген оқиғалар қала үшін маңызды. Ал инсталляция – осы серияның бір бөлігі. Ол пікірталасқа градус береді. Ол болмаса, өмір сүру қызықсыз. Егер қалада талқыға салатын әңгіме болмаса, ол жақтан барлығы қашып кетеді. Себебі, онда өмір сүру қызықсыз. Адам оқиғалар болатын жерде тұрғанды қалайды. Менің пікірімше, адамдар күлетін бірдеңені құрастыра салмай, ұзақ тұратын, сапалы дүниелер жасау керек», — деп түйіндеді сөзін Сергей Кузнецов.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.