Жетісайлық диқандардың жаңалығы
Жазғы маусымда Жетісай ауданы диқандарының жағымды жаңалықтары көп болып отыр. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл Жетісай ауданында 77 мың 274,6 гектарға егіс егілген. Оның 3312,3 гектары ескі жоңышқалық саналады. Шаруалар жоңышқалықтан гектарына орта есеппен 164,8 центнерден өнім алуда. Қазірдің өзінде жалпы алынған өнім көлемі 54576,0 тоннаны құрады. Жоңышқалықтың кемінде 5 рет өнім беретінін ескерсек, бұл көлем тағы да арта түсуі мүмкін.
Жыл басынан бері диқандар 30275,0 гектар алқапты билогиялық әдіспен, 18838 гектарды химиялық әдіспен өңдеуден өткізген. Онсыз тағы болмайды.
Бүгінде Жетісай ауданында мақта егістігінің жалпы көлімі 48226,8 гектарды құрап отыр. Мақта егістігінің көлемі жағынан Жылысу ауыл округі көш басында келеді. Биыл жылысулық диқандар 6477,9 гектарға мақта дәнін сепкен.
Ауданда күріш егу үрдісі де қалыптасып, егілген күріш көлемі 437,0 гектарға жетті. Күріш егуде 120 гектармен Мақталы ауыл округінің диқандарына ешкім бәсекелес болмауда.
Жетісайлық диқандар маш егуден де қалыс қалып отырған жоқ. Маштың аудандағы жалпы көлемі 86 гектарға жеткен. Жалпы осы жылы аудан көлемінде 4378 гектар жерге дәнді жүгері егілсе, оның 63 гектары Мақталы ауыл округінде жайқалып тұр. Сондай-ақ, 1840 гектар жерге сүрлемдік жүгері егілсе, оның 434 гектары Қызылқұм ауыл округіне тиесілі.
Жетісайлық диқандарға картоп егу ісін де дөңгелетуде. Биыл ауданда 85 гектар жерге картоп егілсе, диқандар әр гектардан орташа есеппен 171,7 центнерден өнім жинаған. Ал жалпы алынған өнім 1459 тоннаны құрады.
Биыл бағбандар 839 гектарға қырыққабат егіп, бас-аяғы 30701,0 тонна өнім жинаған. Қырыққабат егу ісінде Атамекен ауыл округі 370 гектармен алдына қара салдырмай келеді. Бұдан бөлек, ауданда 218 гектарға баклажан, 270 гектарға балгар бұрышы егілген.