АТА ЗАҢ — АЗАТТЫҚ ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ КЕПІЛІ!
Әрбір мемлекеттің іргетасының мықты әрі болашағының жарқын болуы Конституциясына байланысты. Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 23 жыл толып отыр. Ата Заң күні – халқымыз үшін ең қастерлі әрі мәртебесі биік мерекелердің бірі.
Конституция – мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі!
1995 жылы халықтың өзі дауыс беріп, қабылдаған Ата Заңымыз өркениетті мемлекеттерге тән демократиялық қағидалармен толық қамтылды. Басты құжат бірлігімізді бекемдеп, мемлекеттік құрылым мен еліміздің тұтастығын бекітіп берді. Әрбір азаматтың өзін тең сезінуіне және құқықтарын сақтауына берік негіз болды. Жасампаз жаңа дәуірге жол салды. Конституциямызда еліміздегі әрбір азаматтың құқығы қорғалып, олардың жарқын болашаққа қадам басуларына жол ашылған.
Тұғырлы Коституциямыз арқылы Қазақ елі аз ғана уақыт ішінде толайым жетістіктерге жетіп, белестерді бағындырды. Әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар еңселі елге, айбары асқан қуатты ұлтқа, дәулеті тасыған ырысты мемлекетке айналды.
Ата Заңға деген құрмет — біздің сеніміміз бен күшіміздің қайнар көзі. Қазақстан қазіргі таңда тарихи өрлеу кезеңінде. Конституцияда атап көрсетілген мемлекеттік басқару жүйесі негізгі реформаларды жедел іске асыруға мүмкіндік береді. Мемлекетке қажетті заңдар дер кезінде қабылданып, соның арқасында әлеуметтік-экономикалық қана емес, саяси жетілуге жол ашады.
Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің даңқы бүгінде әлемге танылып, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу үшін қарышты қадамдар жасалуда. Бұл — Мемлекет басшысының жүргізіп отырған салиқалы саясатының жемісі мен жеңісі. Биылғы мерекені Елбасы Жарлығымен облыс мәртебесін алған Түркістанда қарсы алып отырмыз. Қазақ елі үшін әйгілі «Жеті жарғы» жазылған қасиетті Түркістанның орны ерекше. Ендеше тамыры «Жеті жарғыдан» тартылған Ата заңымыздың айбыны асқақтай берсін.
Қымбатты түркістандықтар!
Жарқын болашағымыздың, әділдік пен теңдіктің айбынды арқауына айналған Конституция күні мерекесімен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз баянды, Ата Заңымыз айбарлы, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, баянды бақыт тілеймін!
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Түркістан облысының әкімі