Қыздардың бәріне машинасы мен лауазымдық қызметі бар жігіттерді қайдан тауып береміз?
Досым Айтқали әлеуметтік желіде бір қызбен танысады. Екі-үш рет хабарласқаннан досымның төбесі көкке жеткендей болып жүрді. Енді екеуі кездесуге уәделеседі, сонда қыз Айтқалидан машинаң бар ма, қандай қызметте істейсің деп сұрайды. Жігіт машинасының жоқ екенін, өзінің «охраник» болып істейтінін айтады. Уәделескен қыз кездесуге келмейді. Тіпті, әлеуметтік желіде де, ұялы телефонда да жауап бермей қояды.
Мінезі салмақты Айтқали болса: «Қазақтың қыздарын осынша төмендеуге дейін жеткізген, біздің елдің ертеңі не болар екен?»- деді де қойды.
Өйткені, досым өте есті жігіт болатын. Ешқашан өтірік айтпаған, арақ, темекі дегенді аузына алмайтын. Өз күшімен оқып, жоғары білімді заңгер мамандығын алды. Бірнеше жерге «Резюмесін» тапсырғанмен, олардың басшыларымен сөйлескенде, өзінің «сый-сияпат» беретіндігіне емеурін білдірмеген. Жалқаулықты жаны сүймейтіндіктен, қарап отырмай күзетші болып жұмыс істейтін. Адал еңбектерімен несібе терген отбасы қос қабатты үй салып алған. Өскен-өнген отбасының жағдайы жақсы. Айтқали мініп жүрген «мерседесін» сатып, «Тойота-50» аламын деп жүргенінде қызға «машинам жоқ» деп шынын айтқан.
Белгісіз бойжеткен танысқан жігітінің «машинасы жоқ», өзі «охраник» екенін есіткенде, қарасын көрсетпей құрыған ғой. Болса да жігітті Құдай сақтады, жеңіл ойлы желөкпеден. Қызда ұтылған жоқ, енді өзінің құлқы-пейіліне, ниетіне сай байға тиетіні анық.