Облыстың ардагерлер кеңесi ендi еңсесiн киелi Түркiстанда жинай ма?
Оңтүстік өңірі жұртшылығы облыс орталығының түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанға көшірілуінен бір үлкен үміт күткендей болып отыр.
Заманның заңғар саясаткері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ашып көрсетілген бағыт-бағдарларды нақты баянды етудің мүмкіндігі туғанына нық сенім пайда болғандай. Өйткені, алғашқы болып осы Түркістанда ардақты ардагерлердің бастамашылдығымен рухани жаңғырудың нақты істері кең ауқымда қолға алынып, облысқа үлгі-өнеге етіп көрсететін игі істер өміршеңдік таба бастаған еді.
Түркістан қалалық ақсақалдар алқасы төрағасы Ж.Әзіретбергенов пен қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Б.Мұсабаевтың ат үстінен түспей ел ішін аралап, жұртшылықпен тиянақты жұмыс істеуінің арқасында «Жүйнектік жүйе» қолға алынған болатын. Ардагерлердің бас болуымен сол кездегі қалаға қарасты барлық ауылдық округтердегі елді мекендерде «Жүйнектік жүйе» құрылып, Елбасы тапсырмасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырудың нақты істеріне қолдарын жеткізді. Өзгелерге өнеге боларлық игі істердің бәрі ардақты ақсақалдардың тынымсыз іс-қимылдарымен іске асты.
«Ұлт ұйытқысы – оңтүстіктің» киелі Түркістан аймағында Елбасы міндеттеген рухани жаңғырудың жарқын істері жүріп жатқанын есітіп, көріп-біліп отырып облыстың ардагерлер кеңесі (Ж.Мәуленқұлов) «Түйе көрдім – жоқтың»кейпін танытып отырғанына қалай таңданбассың? Былайша айтқанда, Елбасының сарабдал саясатының баяндылық табуына, ел-жұртының тынысына немқұрайлылықпен қарап, «князьдық» болмысты білдіргісі келетін облыстық кеңесті одан әрі ұстап отыра беру қажет пе, өзі? Ардагерлер кеңесі өңірдегі қалың елдің қамын ойлап, шала ұйықтайтын, көңілі қашанда алаңдаумен жүретін «үлкен Атаның» орнында отырған жоқ па? Облыс басшыларының қасында жүретін қоғамдық ұйымның тізгінін ұстаудың үлкен бедел екендігі рас, бірақ оның жауапкершілігі де бар емес пе? Оңтүстіктің атына сын боларлық келеңсіздіктер: Маятастағы күрд-қазақ, Сарыағаштағы тәжік-қазақ, Мақтааралдағы тәжіктерден шыққан кикілжіңдердің кезінде облыстық ардагерлер кеңесі неге төбе көрсетіп, аға буынға лайықты іс-қимылға бара алмады?
Қиындықтар туғанда ел ортасынан табыла алмаса, «ел іші – алтын кеніштен» шығатын өнеге боларлық жарқын істердің жарқ етіп жатқанында меңзеңдік көрсетіп отырса, «атаның Атасының» қай тірлігіне сүйсінеміз. Қанша жерден шырылдасақ та, енді ел-жұртының қамын ойлап сөйлегенде жай оғындай жарқылдайтын арыстандай айбарлы кешегі Төлепбек Назарбековтей аңыз-алыптардың енді қайтып тумасы анық. Текті қазақ адалынан туған перзенттерінен әлі де кенде емес. Күн қысқарған заманның Адамды емес, Ақшаны алға шығарған уақыты жақсыны мойындаудан гөрі, екіжүзді жағымпаздар мен жалпақшешей «жарапазаншыларды» жергілікті атқарушы биліктің атқосшыларына айналдырды. Бұл облыс кезінде елге танымал «Соцтруда» атағы бар ағамыздың облысты басқарған «жарты патшаға» жағымпаздануда «Шырағым, Пәленшежан, облысты өзіңдей басқарған адам облыстың тарихында болған емес» деп, «попугай» болғанын да көрді. Облыс әкімінің есепті жиынында облыстың қадірменді қариясы Ж.Әзіретбергеновтың облыста ағын суды тиімді пайдаланудың бір жүйеге түспеуінен «арқа еті арша…» болған дала диқандарының еңбегі еш болатынына шырылдаған «Жанайғайын» да есіттік. Осылайша, азын-аулақ болса да, қарапайым халықтың қамы үшін туралықты ту етіп көтеретін ақсақалдарымыз табылғанымен, соларды қолдайтын ардагерлер кеңесі бар ма? Бірақ, ардагерлер кеңесінің жиналыстарынан білетініміз: «Жаңа Жақаң өте дұрыс айтты. Жақаң айтып өткендей… Жақаң… Жақаң…-сыз» жиын өтпейді. (Жақаңы – Жеңісбек Мәуленқұлов). Сенбесеңіздер, тыңдауға шыдамдарыңыз жетсе ардагерлер кеңесі жиындарының видеожазбасын көріп шығыңыздар.
Айтпағымыз, Түркістан қаласына көшіп баратын облыстық ардагерлер кеңесі осы аяңымен жұмыс істей алмаса керек. Түркістанда басшының бетіне қарап жалпақтау, жағымпаздық көрсету мен жалпақшешей бола салу Шымкенттің ширегіне жетпейді. Түркістанның той-жиынында мадақ жыр айту, жағымпаздық көрсету Шымкенттегі тойдың оннан біріндей деуге болатын шығар.
Түркістан – оңтүстіктегі таза дүние. Оның халқының менталитетін таулы аймақтағы ауданның жұртшылығымен салыстыруға келе бермейді. Тіпті Шардара мен Мырзашөл, Қызылқұм мен Теріскей аймағымен салыстыра алмайсыз. Түркістандықтар әділеттілік пен имандылықтың құлы. Туралыққа тұрып қана қоймай, оған қарсы келуді ар санайды. Қиянатқа төзгісіздікпен қарап, уәжге тұрмайтындарға жеккөрінішпен қарайтындықтарын жасырмайды. Сондықтан, күрделі мәселелерді ақсақалдардың ортасына салып шешеді. Бізде қариялар бай-манап пен шенеунікті көргенде екі қолын созып жүгірсе, бұл жақта бай да, бастық та ақсақалға сәлем беруге асығады. Адами мінез-құлықтың мәдениеті көп жоғары.
Еңбектің де, дүниенің де қадірін біле білгендіктен нысапты барынша сақтауды ұстанады. Облыс орталығы Түркістанға көшірілген күні кешегіге дейін Шымкенттегі 40 мыңдық костюм онда 25 мың, 15 мыңдық көйлек 10 мың, 5 мыңдық туфли 3 мың болып келетіні біз түгілі көрші облыстарға дейін белгілі болатын.
Адамзаттың баласы періште емес. Түркістандық жастардың арасында сотқарлықтың барын білмейміз деп айта алмаспыз. Өзбектерден келгені бар, бақуатты «қожайын-қатындардың» мақтан үшін қосып қойғаны бар, яғни салт-дәстүріміздегі көбейіп кеткен ырым-жырымның ысырабы «Жүйнектің жүйесінен» кейін етек-жеңін жиғандай болыпты.
Облыс орталығының киелі Түркістанға көшірілуі ондағы ел-жұртқа үлкен міндет артып отыр. Есімдері алыс-жақын елдерге танымал Ғани Мұратбаев, Саттар Ерубаев, Нұртас Оңдасынов сынды ұлт мақтаныштары шыққан қаланың тұрғындары түркі әлемінің рухани астанасының абыройын асқақтатуда өнеге көрсететінін нық сеніммен айтуға болады.
P.S. Ел құлағы елу ғой. Облыстық ардагерлер кеңесінің кеңсесі Түркістанға көшкенде Ж.Мәуленқұлов Шымкентте қалып, Ш.Мырзахметовты төраға етіп жіберуге «Жанталас» басталды деген сөз желдей есуде. Облыс жұртшылығы Ш.Мырзахметовтың елжанды болып көзге түскісі келгендегі қалада жасаған «пиарын» білмей отыр ма? Қаланың экс-әкімі Н.Сауранбаевқа арзан қолды ақыл айтамын деп өздерін көрсетіп алса, жұрттың күні соған қарап қалған жоқ шығар. Түркістан абыз ақсақалдардан да, асқаралы азаматтардан да кенде емес. Бүгінде облыстық ақсақалдар алқасын басқарып отырған, Елбасының рухани жаңғыруын баянды етуде республикаға өнеге боларлық игі істердің басында жүрген Ж.Әзіретбергенов, облысқа өлшеусіз еңбегін сіңірген нағыз отаншыл азамат Серік Ибадуллаев сынды саңлақтар тұрғанда саяси ойынды қоя тұрған дұрыс шығар, әсте.
Әділ Мұратбеков