Премьер қатысқан “разборка” (“Уақыт” газетiндегi уақыттың үнi ме?)

Өңір оқырмандарына танымал «Уақыт» газетінің №29(287) 24.08.2018ж. санында жарияланған «Премьер қатысқан «разборка» атты мақала оңтүстік өңірінің азаматтарын бейжай қалдырмады деп білдік. Мақала салиқалы оймен, салмақты етіп жазылған. Ең бастысы, мақаланың астарында оңтүстіктің  «қойдан жуас» қарапайым халқының тыныс-тіршілігіне деген шынайы жанашырлық жатыр. Сыни пікірді «екі дәу» қалай қабылдайды деген жалтақтау жоқ. Өйткені, мақалада кекесінді мысқылдан гөрі, намыстану басымдық алып тұрғандай. Айтылар ой түпсіз тереңде жатыр, «жібекті түте алмаудың» қарабайырлығына қарап, ел тізгінін ұстау мына өркениет заманында «достойныйлардың» қолында болмайтын ба еді дегенді меңзейді.

Бір кездері дәл осы облыстың бірінші басшысы оқ атқандай етіп «қой бағатындар қойын бақсын» деген болса, мақаланың өн бойында сол бір сорақылықты тағы да есітіп қалмасақ деген үрей сезілетін сияқты. «Малым жанымның, ал жаным– арымның садағасы» деген халықпыз ғой, күн қысқарған заманның беталдылығына бойымызды үйретіп, намысы өлген өңірге айналып кетпейік дегенді байқататын мақаладан үзіндіні облыстың алғыр ойлы жұртшылығына ұсынып, әрі өзіндік ой-тұжырымдарымызбен де бөлісуді жөн көрдік.

Шымкенттің облыстан бөлініп шығуы – шынын айтқанда, Түймебаевтың командасының «күнкөрісіне» жұдырық болып жабысты. Өндіріс ошақтары, кіші және орта кәсіпкерліктің ірі-ірі нысандары, одан қала берді емдеу-сауықтыру, білім беру, мәдениет ошақтарының басым көпшілігі Шымкенттің территориясында қалып қойды. «Оңтүстік  Қазақстан облысы 80 пайыз дотацияда отырсыңдар» деп тірлік жасауды қадап тапсырған Елбасының оң қабағынан көрінуді армандап жүргенде облыс бөлініп кетті. Ендігі жерде «жыртыққа жамау» болып отырған аз-маз салық, өзге де түсімдер Түймебаев командасының түсіне кіретін сияқты. Баяғы «80 пайыз дотация» келмеске кетті… 100 пайыздан асып жығылмаса көріңіз… Мұндайда «оңай жан беретін» Әбдірахымов па? Түнеукүнгі тобырда сәуегейлер «Әбдірахымов Түймебаевқа қала территориясында орналасқан зауыт-фабрикалардың, аурухана, білім беру ордаларының ешқайсысын бермейтін болыпты. Қолыңнан келсе тартып ал депті» деп сайрап отырған… Осы «тартыс» пен «талас» «ақ үйдегі» «ақ жағалылардың» құлағына жетсе керек, осыдан екі айға жетпейтін уақыт бұрын «нөкерлерімен» Түркістанға келіп кеткен Бақытжан Сағынтаев осы аптада облысқа, сосын қалаға тағы да табан тіреді. Сағынтаевтың сағынып келмесі анық. Ендеше, Сағынтаевтың «сардарларын» ертіп, киелі орынға келуіне не себеп болды?

… Әлгінде ғана айтқан мемлекеттік меншіктерге «талас» туралы әңгіме расқа айналды. Әңгіме ауаны осыған ауғанда Ғабидолла Рахматоллаұлы: «Біз Асқар Ұзақбайұлының басшылығымен және де бірқатар министрлермен облыс пен қала меншігіне қатысты сұрақтарды қарадық. Нәтижесінде Түркістан облысының әкімімен екі жақты келісімге келдік. Қазір арамызда ешқандай сұрақтар жоқ…»,-деп «басын қасыған» сыңай танытқанда біраз мәселенің «беті ашылғандай» болды. Осыны естіген Үкімет басшысы «Солай болу керек, ешқандай сұрақ болмауы керек. Бір жерде тұрған ағайындар екіге бөлінгеннен кейін, айтысып жүргені ұят болады!»-деп қысқа қайырды. Мұнысы қысқа қайыру емес, «…қысып жүріңдер» дегенге көбірек ұқсайтындай көрінген, бізге… Парадокс… Бір-бірінің алдында басын игісі келмеген екеудің «разборкасын» шешу үшін «орта» Бақытжан Сағынтаевтың «төрелігіне» жүгінген бе, сонда?

Сонда бұл екі әкім өздерінің «непоняткасын» шешу үшін «авторитетті» «сходқа» шақырды дейміз бе? Күлкілі-ақ дүние…

Жай қоғамдық пікір білдіргендей болып жазылған мақалада «Мұнысы қысқа қайыру емес, «… қысып жүріңдер» дегенге көбірек ұқсайтын көрінеді, бірге … Парадокс…» деп жазылғанды кешегі Бұқар жырау мен кейінгі Махамбет айтқан ащы шындық деп түсінгеніміз жөн шығар. Өйткені, бүгінгі жергілікті атқарушы билікке қарапайым көптің ызасы мен «қыжылын» жеткізе алмай, жәй іліп кетумен беріле салынған тапқырлық. Бізде бүгінде «креслоға» отырғандар, күні кеше Елбасының «Как бог, как царь» деп айтқанынан бір аусайшы. Біздегі шенді-шекпенділер халыққа қызмет көрсетуге емес, айдың-күннің аманында өздері «тобырға» айналдырып қойған шымкенттіктерді сыртынан қарап жүруге келгендей. Бүгінде әкімқара өздерін «патша, хан, президент» ете алмай жүр десек қателеспейтін шығармыз. Кезінде біз өз газетімізде облыстың бірінші басшысын «жарты патша» деп жазған болсақ, бүгін­де сол лауазымдағылардың «Ширегі кем патша» болғанына үйреніп те қалған сияқтымыз. Қазіргі басшылардың өзі басқаратын  мекемені жеке­меншік «фирмасындай» көретіні адамға да, Құдайға да аян.

Халықтың «жанайғайы» БАҚ беттерінде жарияланып жатады. Бірақ, былқ ететін адам жоқ. Ал кейбір «не мясо, не рыбалардың» басшы болып жүргеніне ел-жұрт жағасын ұстай­ды, сонда мемлекеттік мекемелер жекеменшік «фирма» болмағанда не болды? Шымкентке «статусы» өскеннен кейін жиналған  «Чиновниктер» туралы әлі том-том жазбалар жиналатындығына шек келтіре алмайсың. Міне осының бәрін «Уақыт» газеті аз сөзбен қысқа да, нұсқа етіп берген болыпты.    

Естеріңізде болар, Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласына алғаш әкім болып келген жылы жұртшылықты өзінің әйдік жобаларымен таныстырып, «егер осы жобаларды жүзеге асыра алмасам, онда бес жылдан кейін командаммен отставкіге кетемін» деп еді. Басқа-басқа аумалы-төкпелі саясатта табаны күректей бес жыл Шымкентті басқару басқа-басқа, Әбдірахымовтың ойына қайдан келгенін біле алмай дал болғанбыз, сонда. Тағайындаудың да мерзімі бола ма деппіз ғой. Әйтпесе, адам баласының алдында не тұрғанын Алладан басқа ешкім білмейді десек, онда Әбдірахымовтың сол Жаратушыдан асып кететін қасиеті бар болғаны ма деп таңырқасқанбыз.

Жоғарыда айтылған ойымыздың көрінісі шығар, «Уақыт» өз мақаласында: «Әйтпесе, адам баласының алдын­да не тұрғанын Алладан басқа ешкім білмейді десек, онда Әбдірахымовтың сол Жаратушыдан асып кететін қасиеті бар болғаны ма деп таңырқасқанбыз» деп жазғаны. Еліміз үшін де, оның ішінде республикадағы үшінші мегаполисте де «қаны шығып тұрған» мәселе өнеркәсіп салас­ын дамыту болып тұрғанда қала басшылығына Ғ.Әбдірахымовты екінші рет түгілі, оныншы рет әкеліп, тіпті қаланы жекеменшік «фирма» етіп берсе де бұл саланың дамитындығынан үмітін үзген шымкенттіктердің ойын «Уақыт» газетінің «шыжғырып» айта білгеніне дауымыз жоқ.

«Көтере алмайтын шоқпарды белге байлау» – қазіргі заманның талабы емес. «Өткен бес-алты айдың ішінде ауыл шаруашылығына шақталған 3 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарып алдық. Енді осы жерді ыңғайластыру жағын ойластырып жатырмыз.

Алдағы бес жылда Шымкентте жер кезегінде де, баспана кезегінде де бірде-бір адамды қалдырмай көмектесу – арманым»,-деп «көкірегін керген» қала әкімі қызметтен кетсе де, оның сол кездегі уәдесі ол қайтып келген тұста халықтың санасынан сөне қойған жоқ. Оның сыртында 70 мың халық тұратын «Shymkent City» шағынауданының құрылысы, «Қауіпсіз қала» жобасы, қаланың әлеуметтік және инженерлік жүйелеріне қатысты мемлекеттік және жекеменшік әріптестік, «Ұлт жоспары: кәсіби мемлекеттік аппарат құру», қоғамдық көліктер бойынша муниципалды «Шымкент Bus» ЖШС-нің экологиялық таза отынмен жүретін жаңа автобустар алуға инвестиция тарту, тұрғын үйлерді жаңғырту, Д.Қонаев даңғылын ұзарту, жергілікті полиция жұмысының тиімділігін арттыру, тағысын тағы сол сияқты бірнеше жобалар Әбдірахымов алғашқы әкім болып келгенде ауызбен айтылып, ақырында іске аспай қалған болатын. Ендеше, Ғабидолла Рахматоллаұлы сол «орындалмай қалған» армандарын осы жолы іске асыра ала ма, жоқ па, ол жағы тұмандау.

Газет Шымкенттің «қожайынына» қатысты «Көтере алмайтын шоқпарды белге байлау» деп бүйірден бір ауыр соққыны жібереді де: «Алдағы бес жылда Шымкентте жер кезегінде де, баспана кезегінде де бірде-бір адамды қалдырмай көмектесу – арманым» дегенді жазумен елеусіз ғана әкім Ғ.Әбдірахымовты соққының астына алады.

5 емес, 25 жылда жердің де, баспананыңда кезегіне жете алмай жүрген жұртты 5 жылда «жарылқап» тастаймын деп алғыр ойлы «техастықтарды» санасында саңылауы жоқ тобырға санап отырсың ба деген ішкі сауалын береді. Қала әкімінің 17 жасынан ел ішінен кетіп, жерлестерінің өмір тынысынан мүлдем мақұрым болғандықтан, мемлекеттің 100-деген  миллион қаржысын «суша» шашумен велосипедке жол салып, «қуғынбайлық» жасағанына ел-жұртының намыстанғанын аңғартқандай болыпты.

 «Уақыттағы» бұл мақалада Шымкенттің тізгінін екі жылдай ұстағанында әкім Ғ.Әбдірахымовтың қалада шешімі табылмай жатқан күрделі мәселелерді назарға алып, шырайлы шаһарға шынайы жанашыр жанның келгенін сезілдірудің орнына, баланың қиялын қуғандай бос сөзді бөстекі жарнаманы жаудырғанын еске алғандай болған. Сондықтан шығар: «Бірнеше жобалар Әбдірахымов алғашқы әкім болып келгенде ауызбен айтылып, ақырында іске аспай қалған болатын. Ендеше, Ғабидолла Рахматоллаұлы сол «орындалмай қалған» армандарын осы жолы іске асыра ала ма, жоқ па, ол жағы тұмандау» деп отырғандары.

«Аш бала тоқ баламен ойнамайды», айналып келгенде Түймебаев та, Әбдірахымов та аш қалмас үшін «тамып тұрған» дүниеге таласады, ол заңдылық. «Қай жеңгенің менікі» деп отыруға «жоғарыдағылардың» шыдамы, әрине, тағы жетпейді. Екеуінің біреуіне бөле-жарып болыса алмайтын жағдай. Бұл жерде, қалай болғанда да, Әбдірахымовтың «дүниесі түгел». Барынан айырылып қалғысы келмейтіні де содан. Тақыр жерге тал отырғызу оңай іс емес екенін Түймебаев Шымкентте «Шатқалды» қолға алғанда-ақ байқаған болар. Облысты нөлден бастап құруға оның кәсіби потенциалы жете ме, жоқ әлде «жеткен жерім осы болды, кешіріңіздер» деген шешімге келе ме, ол жағын уақыт көрсетеді.

Десек те, бір лентасы қиылған жерді айналшықтап көрсете беру, аралай беру, «жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деп сай-салаға «Шатқал», аллеяға «Арбат» деп ат қою оншалықты қисынға келмейтін сияқты.

Газет мемлекет ісіне, халыққа деген шын жанашырлығын бүкпесіз, ащы да болса, ашып айтуға бара білген. Қазір барды бар, жоқты жоқ деп айтудың өзі де ерлікке пара-пар болып қалғандай. «Уақыт» газетінің өз әріптестерінен бір артықшылығы-жалтақтаусыз, мәймөңкелемей сөйлеуді ұстана­тынына көзіміз жеткендей болды. Оның растығына көз жеткізгіңіз келсе мақаладағы: «Десек те, бір лентасы қиылған жерді айналшықтап көрсете беру, аралай, беру, «жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деп сай-салаға «Шатқал», аллеяға «Арбат» деп ат қою оншалықты қисынға келмейтін сияқты» деп жазылғанды ой сараптауынан өткізіп көріңіз. Газет ойлы да, өте сауатты материал жариялаған. Ешкімге «ішіп қойдың, жеп қойдың» деп отырған жоқ, тек оңтүстіктің төл перзенттерінің пәтуасыз тірлігіне намыстанатындықтарын ғана көрсеткен.

Қысқасы, «қырқысып» жүрген екі әкімнің бірі пиарды, екіншісі қиярды дәріптеп жүргенде қыс та таяп қалды.

Газеттің «Қысқасы, «қырқысып» жүрген екі әкімнің бірі пиарды, екіншісі қиярды дәріптеп жүргенде қыс та таяп қалды» деп жазуы 3 млн-ға жуық халқы бар өңірдің қарапайым тұрғындарының жанын күйзелтіп отырған «Жанайғайы» дер едік. Өткен қыс өңірге өте жайлы болғанымен, жұртшылықтың көмірге келгенде көрген құқайы аз болды ма? Яғни, қарапайым халқының «үні, көзі мен құлағы» болудың аманатын арқалаған «Уақыт» газеті өзекті мәселені де дер кезінде, орынды етіп еске салып отыр.

«Шымкенттіктер жылуға пәленбай миллион қарыз» деген сыбыс әңгіменің де шеті шығып жатыр. Әбдірахымов алғашқы әкімдік империясында негізі жоқ мекеменің құрылуы кесірінен «3-Энергоорталықтың» мемлекет меншігіндегі 23 пайыз пакет акциясын алпауыт монополистке су тегінге беріп, қарызды жапқандай болған-тұғын. Бұл жолы несін, нені беріп құтыларын Құдай білсін… Не дейміз, ел-жұрт аман болсын. Қалғанын «қатыратындармен» бірге көрерміз…

Бес жылдың белесінде оқырман жүрегіне жол тауып, 9 мыңнан астам оқырман тартып отырған. «Уақыт» газеті өңірден шығатын басылымдардың алдыңғы тобында келе жатқанына әр нөмірдің беттерін парақтағанда көзіңіз жетеді. Қарапайым халыққа шын жанашырлық танытуда сыни материалдар жариялау – «бас жарып, көз шығарып» біреулерді «қаралау» емес, Елбасының сарабдал саясатын өміршең етудегі іс-қимылдың демеушісі деп білгеніміз жөн сияқты. Біздің еліміздің бай-бақуатты, ынтымағы берік, саяси тұрақтылығы жоғары екендігі әлемге танылып жатса, енді дамуды одан әрі баянды етуде сыни көзқарасты қатар алып жүру артық бола қоймас. Газет мақаласындағы сыни пікірлер ретімен, орынды айтылғандығына шүбәміз жоқ.

Әділ МҰРАТБЕКОВ.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.