БӘЙДІБЕКТЕ ТҰҢҒЫШ РЕТ ЖАБЫҚ ТЕННИС КОРТЫ МЕН ЖҮЗУ БАССЕЙНІ АШЫЛДЫ
Бәйдібек ауданында өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен бірқатар спорт нысандары ел игілігіне берілді. Атап айтқанда, бүгін ауданда бұған дейін болмаған жабық теннис корты мен жабық жүзу бассейні ашылды. Облыс әкімі спортқа ден қойған ауданның бір топ жастарымен арнайы кездесіп, пікір алмасты.
Айта кету керек, аудан мен ауылды жерлерде заманауи спорт нысандарының көптеп ашылуы тегін емес. Бәйдібектен бұған дейін Марат Мықтыбеков (Азиядағы дзюдо федерациясының президенті), Еркебұлан Шынәлиев (бокстан 2008 жылы Бейжіңде өткен олимпиаданың қола медаль иегері), Қасымхан Төленбай (Қазақ күресінен Әлем чемпионы) сынды спорттағы оғландар шыққаны белгілі. Бұдан кейін де ауданда бүгінгі пайдалануға берілген спорт нысандарының арқасында аталған сайыпқырандардың жолын қуып, жалғаушылар көптеп шығып, ауданның мерейін одан әрі үстем етеді деген сенім зор.
Жалпы құны 1,3 млрд. теңге болатын Шаян ауылында ашылған нысандардың демеушісі шетелдік инвесторлар. Атап айтқанда, құрылысы былтыр басталған спорттық обьектілердің тапсырыс беруші мекемесі «International fund for Houbara Conservation» корпоративтік қоры. Жабық теннис кортында арнайы жуынатын бөлмелер қамтамасыз етіліп, барлық жағдайы жасалса, бассейнде бір ауысымда 32 адам жүзу спортымен машықтана алады.
Осыдан соң, бұл күні спорттың волейбол, баскетбол, футбол, теннис түрлері мен спорт залдарына арналған ашық алаңшалар пайдалануға берілді.
Жалпы бүгінгі таңда Бәйдібек ауданында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда спорттың 10 түрінен волейбол, баскетбол, футбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, бокс, қазақ күресі, дзюдо, грек-рим, еркін күрес бөлімдері болашақ чемпиондарды жаттықтыруда. Спорт мектебінде қазіргі таңда 84 бапкер 157 топта 1810 оқушымен жаттығу жұмыстарын жүргізеді. Жыл басынан бері ауданда 97 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 9 мыңға жуық аудан тұрғыны қатысқан.
Облыстан барған жұмысшы топ ауданға сапары аясында Бәйдібек Қарашаұлы ескерткішіне гүл қою рәсімін өткізді.
Осыдан соң, Бәйдібек ауданынан шыққан елімізге белгілі азаматтардың басын қосқан «Шежірелі Шаян, Берекелі Бәйдібек» форумы өтті. Онда тарихқа бай ауданның өткені мен келешегі туралы баяндамалар оқылып, Бәйдібектің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды.