Адамнан айуанға айналу – қазақты жоюдың жолы
Соңғы кездері қоғамда пайда болған пранк деген нәрсе бар. Пранк ағылшын тілінен аударғанда тентектік, қитұрқылық деген мағына білдіреді. Алғашында телефонмен адамдарды «жынды» қылуды пранк деп атаған. Енді осы бір ерсілік соңғы кездері шектен шығып, азғындықтың шыңына шығып барады.
Біздер әлеуметтік желіге цензура қоя алмадық. Ондағы ұнамсыз, жағымсыз дүниелерді жазып болсын халыққа көрсетуге тырыстық. Бірақ қайта сол әлеуметтік желілердің «тентектерін» арнадан аластатудың орнына, арналарда жиі көрсетіп, көзі ашық журналистер қауымының өзі бірінен соң бірі бағдарламаларына шақырып, бүкіл Қазақстанға насихаттауды жөн көріпті. Танымал журналист Ләйла Сұлтанқызы өзінің «Өз ойым» бағдарламасының төріне «Желіні жеткендер» тақырыбында ой қозғап, бағдарламасына өзінше пранк түсіруші Қайрош есімді жігітті шақырыпты. Таксист болып жүріп әлеуметтік желіге өзі түсірген пранк-видеоларын салып, оспадарсыз тірлігіне өзі мәз боп жүрген бейбақтардың бірі. Езу тартарлық есі дұрыс дүние салып, не «әзілің жарасса атаңмен ойна» дегендей көңілге қонымды дүние көрсетсе мақұл ғой. Өзінің көлігіне тек елорданың аруларын отырғызған әлгі Қайрош есуастың кейіпіне еніп, ерсі қылықтар көрсетіп, ойына келгенін істеп, балағат сөздер айтып, келеңсіз дүниелер жариялағанына арланбайды да. Тіпті өзінің ютуб желісінде «Немене» деген арнасы барын айтып кеудесін керіп отыр. Ол насыбай атып, арақ ішіп, қыздарды сабалап, анайы әндер тыңдап, балағат сөздер айтып, қысқасы «шайтанның» тірлігінін істеумен таксиге отырған қыздарға өзінің «есуас қылықтарын» көрсетеді. Әлеуметтік желіге салған виеоларының астына желі қолданушылары: «Имансыздық қой мынау деген! Осымен тоқтатыңыз енді… Жаным ашып жазып отырмын!», «Абылай хан ұрпағым ұсақталып құри ма деп қорқам деп осы кезеңнің келерін сезген екен ғой ұлы Хан бабамыз» деген пікірлер бар.
Түзелудің орнына кері кеткен қазіргі қоғамды өзіміз одан әрі азғындыққа апаруға шықтық. Мұндай нәрселердің арналардан, желілерден көрсетілуіне тосқауыл қойылуы керек. Пранк жасаймыз деп, парасат пен ақыл-ойдан айырылу – үлкен қасірет. Көк қағаз бен танымалдылыққа ие болу үшін, адамнан айуанға айналу қазақтың түбіне жететіні хақ.