Шымкентте ІТ-технологияларды қолдану мәселелері талқыланды
Шымкенттегі №23 мектеп-лицейінде «Нұр Отан» партиясы филиалының ұйымдастыруымен «Балаларға ІТ-технология қолдану арқылы білім берудің қол жетімділігі» тақырыбында мұғалімдермен, ата-аналармен, оқушылармен дөңгелек үстел іс-шарасы өткізілді.
Ағымдағы оқу жылы «Нұр Отан» партиясының «Тегін ІТ-сыныптар ашу» жобасы аясында З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінің базасында IT-сыныбы ашылған болатын. Мұнда 4 мұғалімнің көмегімен мектеп оқушылары білім алып, біліктіліктерін аттыруда.
Кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы Абай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Есімхан Бертаев алдағы үш жылға жоспарланған бастамашыл жобаның негізгі мақсаты цифрландыру жүйесін ензігу болып табылатынын тілге тиек етті.
— «Балаларға арналған 1000 тегін ІТ сыныптары» партиялық жобасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес бастау алған. Қазақстандағы және бүкіл әлемдегі ақпараттық технологиялардың маңыздылығы күннен күнге артуда. Көптеген сарапшылар бағдарламалау дағдыларын барлық адамзат сөйлейтін тілмен салыстырып келеді. Сондықтан, тегін IT-класстарды ашып, оқушылар мен студенттерге бағдарламалау және робототехника негіздерін үйрету мақсатымен осындай сыныптар ашылуда, — деді ол.
Өз кезегінде сөз алған З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінің директоры Жанар Тойлыбаева оқыту бірегей STEM әдісімен жүргізілетінін атап өтті.
-STEM технологиясы жаңа партиялық жобаның бөлігі ретінде Қазақстан бойынша ашылған IT-сыныптарда да қолданылады. Оған сәйкес, оқушыларға негізгі бағдарламалау және робототехника дағдылары үйретіледі. Мұнда балалар бірлесе жұмыс жасайды, ғылыми-техникалық білімнің нақты өмірде қолданылуы, сыни ойлауды дамытады және техникалық пәндерге қызығушылық тудырады.
— Біз бұрындары қыздарды фартук тігіп, ұлдарды ағашпен немесе металлмен жұмыс істеуді үйрететін едік. Алайда, бүгінгі күні бұл жеткіліксіз. Қазір оқушыларды робототехника, бағдарламалар жасау, модельдеу, 3D-дизайн және тағы басқа бағдарламалар қызықтырады. Оны үйрену үшін білім, сонымен қатар зерттеу және ойлап табу маңызды. Оқушыларымыз ғылым, математика, техника және машина жасау сияқты негізгі академиялық бағыттарда дамуы керек, олар бір сөзбен STEM арқылы біріктірілуі мүмкін. Біз бүгінгі таңда осы технологияны партияның ықпалымен ашылып отырған IT-класстарында пайдаланудамыз, — деп атап өтті мектеп директоры.
Кездесу барысында ата-аналарға цифрландыру тақырыбы бойынша бейнеролик ұсынылды, ал оқушылар робототехника және инженерия бойынша өз жұмыстарын көрсетті.