ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӨЗБЕКСТАННЫҢ ҮШ ОБЛЫСЫМЕН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
Шымкент қаласында өткен «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы өңіраралық бірінші ынтымақтастық форумында» Түркістан өңірі өзбек елінің Жизақ, Ташкент облысы және Ташкент қаласымен меморандум түзді. Басқосуда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Жизақ облысының әкімі Эргаш Салиевпен екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту жайын талқылады.
«Қазіргі таңда, облысымызда инвестициялық жобаларды және кәсіпкерлікті жүзеге асыру бойынша қолайлы жағдай жасалған. Климаты ауыл шаруашылығына ыңғайлы аймақта егін мен мал шаруашылығына басымдық берілген. Соңғы 3 жылда бақша өнімдері 1 млн. тоннаға артты. Республикадағы жылыжайлардың 90 пайызы біздің аймаққа тиесілі. Мақтаның 100 пайызы Түркістан өңірінде өндіріледі. Осы ретте, өздеріңізді бірлескен түрде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырамын. Біздің облыста жұмыс істеуге ниетті өзбек компанияларына барынша қолдау көрсететінімізді айтқым келеді», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
з кезегінде Жизақ облысының әкімі айтылған ұсыныстарға ризашылығын білдіріп, бірге жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді.
Сондай-ақ, аталған форум шеңберінде қос елдің бірқатар өңірлері де меморандумға қол қойды. Түзілген 13 құжатқа Түркістан облысынан басқа, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай өңірлерінің және Астана, Алматы, Шымкент қалаларының басшылығы қол қойды.
Айта кетейік, өткен жылы Өзбекстан Республикасындағы бірқатар облыстармен ынтымақтастық туралы меморандум түзілген болатын. Осы құжаттар барысында жылдан жылға екі облыстың сауда-экономикалық байланысы жақсарып келеді. Жалпы екі ел 27 жыл ішінде өзара бірқатар келісім жасасқан. Соның ең бастылары «Мәңгілік достық» және «Стратегиялық серіктес» туралы шарттары. Осы құжаттар негізінде бүгінгі күні Қазақстанда 800-ден астам кәсіпорын өзбек капиталының қатысуымен жұмысын істеп келеді.