ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАРЛАР ӨТЕДІ
Түркістан қаласына «Латын негізді әліпби мен емле ережесі туралы насихат» жобасы бойынша ғалымдардан құралған насихаттық топ келді. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, Назарбаев Университетінің профессоры Жазира Ағабекқызы бастаған топ әуелі Түркістан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесті. Басқосуда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен облыста өтетін семинарлар барысы баяндалды.
Кейін насихаттық топ Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте латын әліпбиінің мән-маңызы мен емле-ережесіне кеңірек тоқталды.
«Қазіргі таңда emle.kz сайты жұмыс істейді. Онда барлық азаматтар латын әліпбиімен танысып, ұсыныс-тілектерін жолдай алады. Латын әліпбиі біздің тарихымызда болған. Сондықтан қайта оралу қиынға соқпайды. Жаңа жасақталған латын әліпбиі арқылы біз сырттан сөз алғанда өзіміздің төл дыбыстарымызға реттеп алатын боламыз. Бұл Байтұрсынов сынды қайраткерлеріміздің бастамасы», — деді Оразкүл Асанғазықызы.
Баспасөз мәслихатында ғалым Жазира Ағабекова жаңа әліпби 2019 жылдан басталып кезең-кезеңімен сатылап енгізілетінін айтты.
«Қазіргі кириллицамен айтылып жүрген сөздер алдағы уақытта төл дыбыстарымызбен оқылатын болады. Біз осылай ұлттық артикуляциямызды сақтауымыз қажет. Алдағы уақытта оқу орталықтары мен тіл басқармалары жанынан оқыту және біліктілікті арттыру курстары ашылып, мектеп, жоғары оқу орындары мен мемлекеттік қызмет саласында 2025 жылға дейін сатылап енгізілетін болады. Сондай-ақ, алдағы уақытта жаңа емле бойынша орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер жасалады», — деді Жазира Ағабекқызы.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 14 қараша күні Қазақстан бойынша латын әліпбиінде онлайн режиімінде диктант жазылып, бүкілхалықтық қолдау көрсетілмек.
«QAZYGURT.KZ» — ақпарат»