САРЫАҒАШТА ЖАСТАРҒА ШЫН ЖАНАШЫРЛЫҚ БАР

Елімізде алдағы жыл «Жастар жылы» болып белгіленді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасының аясында жастардың тынысына қатысты жұмыстар жандана түскен. Бүгінде түрлі іс-шаралар мен той-томалақ  жетерлік.

Айтпағымыз, жаһанданудың кері әсері көп жаңашылдығынан жастарымызды сақтандыруда ұлт құндылығымен тәрбиелеудің пәрменділігі күшейтілсе. Қоғамда рухани азғындаудың бел алып бара жатқаны баршаға белгілі болып қалды. «Жабайы демократия» жастарымызды өзімбілермендікке, ессіздікке сүйреп, ата-ананы тыңдаудан қалдырып, қоғамның келеңсіз көрінісін беретін тұрпайылыққа тартып жатқан кезде, жастардың шынайы жанашыры ретінде талабы қатаң тәрбиелік жұмыстарды жүргізу қажет-ақ болып тұр.

Осы бір өзекті мәселені өміршең етуге кейбір аудан әкімдіктерінің басты назар аударып, аудан әкімдігі бөлімдері жастар ұйымдарын, аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерін тартып, жүйелі жолға қоя бастаған жанды жұмыстары бар. Бұл өткір де, өзекті мәселе Сарыағаш ауданында дұрыс жолға қойылып, бірізділікпен пәрменді жұмыстар атқарып жатқанын айрықша айтуға болады.

Сарыағаш ауданы әкімдігінің тапсырмасы бойынша аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандары және АІІБ қызметкерлері бірлесе отырып, ауданда аптасына ең кемі 2 реттен рейдке шығып, жастардың құқықбұзушылығының алдын алу, жасөспірімдердің беймезгіл уақытта ойынхана мен ойын-сауық орталықтарында жүруін болдырмау үшін тұрақты жұмыс жүргізу қолға алынған. Биылғы жылдың тоғыз айының өзінде 500-ге жуық жасөспірімдерге хаттама толтырып, ата-анасына ескерту жасалған болса, 20-дан астам жасөспірімге қатысты 3 АЕК есебінде айыппұл салынған. Бұл – рухани жаңғырудың шынайы көрінісін нақты іске асыру яғни, Сарыағаш ауданында ел болашағы – өскелең ұрпақтың тынысына шын жанашырлықпен қарау өміршеңдік табуда деген сөз. Жарнамасын жалаулатып, әндетумен өтіп жатқан рухани жаңғырудың пайдасыз іс-шарасынан гөрі, жастарды беталдылықтан сақтандыру он есе маңызды болса керек.

Ташкент қаласының бейбастыққа кеткен кейбір жігіттерінің Сарыағаш қаласының ортасында қазақ қыздарын түнгі клубтарға шақырып, беймезгіл уақытта серуендеуге машинаға салып әкететіндігі ел намысына тиген болса керек. Ауданның бірінші басшысынан бастап, намысты жандар тиісті органдармен тығыз байланыста ел заңнамасы аясында іс-қимыл жасауды қолға алып, үлгі-өнеге боларлық тірліктер істегенін айрықша айтуға болады.

Бір құжаты жоқ көрші елдің басбұзар кеудемсоқтарын бүгінде Сарыағашта «іздесе, емге таппайтындай» етіп қойыпты. Әсіресе, ауданның заң органдары мен жастар мекемесі қызметкерлерінің қажырлылық көрсетіп, үлкен сауаттылықпен жұмыс істей білгені оң нәтижеге бергенін кез-келген сарыағаштық ілтипатпен айтатын болған. Қазір ауданның 14 ауылдық округінде тұрақты рейд өткізіп отыру дәстүрі қалыптасты. Жастарға шынайы жанашырлық көрсетеміз деген адал ниетті елде ғана осындай өнегелі істердің баяндылық табатыны хақ.

Ұ.ӨСКЕН.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.