М.КЕНЖЕБАЙ, ақын: Олар қазақтар мен чукчалар
Қазақты бір құртса «жақсысын – асыр, жаманын – жасыр» деген сөз құртады. Бұл кәдімгі Крыловтағы «өгіз боламын» деп мақтанып-мақтанып, ісініп жарылып өлген бақа сияқты бол деген сөз ғой.
Қазақты ұраншыл, лепірме, даңғой, дақпыртшыл, ішкен-жегеніне, той-томалақ, ас-садақа өткізгеніне, басында үйі бар, қарны тоқтығына мәз ұлтқа айналдыру үшін билікке жағымпаз саясаткерсымақтардың айтқызатын ақымақи сөзі.
Қазақты осындай бас-көзсіз, сөзіне жауап бермейтін мақтаншақтық құртып тынатын шығар, сірә! Мұндай мақтаншақ ұлт тілім не боп барады, ата-бабамнан мирасқа қалған жер ту-талақай болды ғой, мына кішкентай сәбилерімнің ертеңі бұлыңғыр болып тұр ғой дегенді ойлауға қабілетсіз мәңгүрт күйге түсетінін биліктегілер жақсы біледі.
Жойылып бітетін ұлттың ең әуелі тілі шұбарланады, олар бір-бірімен отарлаушы елдің тілінде сөйлесетін болады. Бұл ғылымда да, тарихта да дәлелденген. Соны біле тұра қазақ сорлы әлі күнге орысша сөйлесек мықты, күшті, білімді боламыз деп ойлайды. Қазір орысша сөйлеуді «мода» қып алған екі-ақ ұлт бар, жер бетінде. Олар қазақтар мен чукчалар.
Abai.kz