Шымкенттіктердің 33 пайызын этнос өкілдері құрайды
Бұл туралы бүгін қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің алғашқы отырысында айтты.
Кеңесте қалалық ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері бекітіліп, жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуда қалалық ассамблеяның алда атқаратын жұмыс бағыттары айқындалды.
Мегаполис атанған шаһарды дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынып, жаңа жобалар іске асып жатқанын айтқан қала басшысы осы жұмыстардың бір парасын нәтижелі орындауға ассамблея мүшелері лайықты үлес қосатынына сенім білдірді.
«Әсіресе, қоғамдық келісімді сақтау, шағын және орта бизнесті дамыту, тұрғындардың мәдениетін көтеруге барша шымкенттіктердің шынайы ықыласы керек. Бүгінде миллионнан астам шымкенттіктердің 33пайызын этнос өкілдері құрайды. Ассамблея лайықты әрі нәтижелі жұмыс істеуі үшін әкімдік тарапынан заң аясында қолдаулар көрсетіледі. Ассамблея мүшелері өздеріне жүктелген азаматтық міндеттерді сапалы атқарумен қатар, Шымкент қаласын дамытуға лайықты үлес қосқанын жөн деп білемін»,-деді Ғ.Әбдірахымов.
Басқосуда ҚР Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың атынан ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді сақтауға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтар «Бірлік» алтын медалімен, «Жомарт жан» төсбелгісімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет Грамотасымен және Алхыс хатымен марапатталды.