Сарымсақ пен тазару
- Сарымсақ пен лимон
* 400 г сарымсақты үккіштен өткізіп, 4 лимонды еттартқыштан өткіземіз де, екеуін жақсылап араластырамыз. Осы қоспаның 1 шай қасығын 1 стақан суға салып, күніне 2 рет, тамақтанардан жарты сағат бұрын ішу керек.
* Сарымсақ пен лимон шырыны
200 г сарымсақты майдалап турап, 12 лимонның шырынын қосыңыз да, банкіге салып, 24 күнге қойып қойыңыз. Банкінің бетіне дәке жауып, сыртынан жіппен байлап қойған дұрыс. Қабылдар алдында шайқау керек. 1 стақан суға 1 шай қасығын салып, ұйықтар алдында бір рет қана ішіңіз. Нәтижесі 10-15 күннен кейін білінеді: себепсіз ұйқы қысу, шаршау белгілері жоғалып, көңіл-күйіңіз жақсарады.
Айтпақшы, сарымсақтың жағымсыз иісін кетіру үшін бірнеше грек жаңғағын жеп алыңыз. Емшараны бастамас бұрын күніне 2 литр су ішуге дағдыланыңыз.
- Сарымсақ пен сүт
* Мұндай қоспа ағзаны тазартуға таптырмас құрал саналады. Бұл жағдайда сүт сарымсақтың өткір әсерін басып, сусынды жағымды етеді.
3 бөлік сарымсақты ұсақтап турап, үстіне 1 стақан жылы сүт құямыз да, 10 минут тұндырамыз. Сосын тамақтанардан жарты сағат бұрын ішеміз. Бұл сусынды күніне 1 реттен 3 күн ішсе жеткілікті.
* Сарымсақты езіп, 10-15 тамшы сөлін қайнаған 1 стақан жылы сүтке қосамыз. Күнде таңертең ашқарынға, сосын түсте және кешке тамақтанардан жарты сағат бұрын ішу керек. Емшара 7-10 күнге созылады.
- Жасартқыш қоспа
* Бұл қоспаны дайындауға сарымсақтан бөлек, 1 кг бал мен 4 лимон және зығыр майы керек. 2 лимонның қабығын аршып, ал қалған екеуін қабығымен еттартқыштан өткіземіз. 3 бөлік сарымсақты тазартып, майдалап тураймыз не еземіз. Оған еттартқыштан өткізілген лимон мен балды және 200 мл зығыр майын қосамыз да, ағаш қасықпен жақсылап араластырамыз. Қоспаны шыны ыдысқа салып, тоңазытқышқа салып қоямыз. Күніне 3 рет тамақтанардан жарты сағат бұрын 1 ас қасықтан, қоспа таусылғанша ішу керек.
* Бізге 24 лимон керек болады. Лимонның сөлін тезірек сығып алу үшін оны аз уақытқа ыстық суға салып қойыңыз. Сығылған лимонның сөліне 350 г езілген сарымсақты қосып, жақсылап араластырамыз да, шыны ыдысқа салып, бетін қақпақпен емес, матамен жауып, бір тәулікке тұндырып қоямыз. Күн сайын ұйықтар алдында алдымен қоспаны шайқап алып, сосын 1 шай қасығын 1 стақан сумен араластырып ішеді. Осылайша қоспа таусылғанша ішкен жөн. Бұл емдік курсты 5 жылға дейін қайталауға болмайды.
* 250 мл-лік 1 құты зәйтүн майы мен 8 бөлік сарымсақты дайындап алыңыз. Зәйтүн майын кішкене құйып алыңыз, бұл сарымсақты салуға құтыдан орын босату үшін керек. Сарымсақты тазартып, түптерін кесіп алыңыз да, май құйылған құтыға салыңыз. Сосын қақпағын жауып, қараңғы жерге тұндырып қойыңыз. 10 күннен кейін алып, сарымсақ қосылған майды түрлі салаттарға қосуға және бет терісіне жағу үшін пайдалануға болады