М.ЖОЛДАСБЕК: … кәсіпке ақыл айтатындардан аяқ алып жүре алмайсың
Дін біреудің қолжаулығы емес, кәсіп те емес, нәсіп те емес. Дін дегеніміз – биік парасат, іңкәр махаббат, таза мәдениет, адал ар-ождан, түпсіз-терең тағылым. Дін дегеніміз ғылым. Бұл екеуі – егіз ұғым. Ғылым-біліммен сусындамасаң, демек дінді де толық танымағаның. Дінге жүрдім-бардым қарауға болмайды. Дінді қаруға айналдыруға болмайды.Әттең, әзір өз әрекетімен исламға күйе жағушылар көбейді. Арандатушылар, адастырушылар көбейді. Бұлар діннің шын мақсатын түсінбегендер. Ақылы таяз, білімі толықпағандар. Бұлар өзін діншілміз деуге лайықты емес. Ал қазір қалай осы? Сақал өсіргеннің бәрі шетінен молла. Ауыз бекітіп, 5 уақыттық намазын қаза қылмай жүргеннің бәрін «Мынау діндар. Осының аузына қарайық, сөзіне құлақ салайық» дейтін болдық. Оның алған біліміне, ой-деңгейіне, әрбірден соң ақыл-парасатына қарап жатқан ешкім жоқ. Бесіктен белі шықпай жатып ата сақалын аузына түсірген, көпті көрмей жатып көпке ақыл айтатындардан аяқ алып жүре алмайсың.Менің ұсынысым мынау: жалпақ жұртты хадистермен, уағыздармен сусындатуды кім көрінгенге емес, мешіттегі молдаларға, дін маманының еншісіне сеніп тапсыру қажет.
365info.kz