ҚЫЗЫНЫҢ РУХЫ ҚҰТҚАРДЫ

Американдық дәрігер С. Уэйр Митчелл өз мамандығының ең көрнекті өкілдерінің бірі саналады. Өзінің ұзақ жылғы мінсіз қызметі барысында ол АҚШ Дәрігерлер қауымдастығының президенті және АҚШ Неврологиялық қоғамының президенті сияқты құрметті лауазым­дарды атқарған. Мұның бәріне ол өзінің терең білімі мен кәсіби адалдығының арқасында қол жеткізген. Сондықтан, қоғамдағы абырой-беделі жоғары адамның басынан өткен жағдайдың ақиқаттығына күмән келтірмесек те болады.

Баспасөз беттерінде жарияланған бұл оқиға дәл қай жыл екені белгісіз, бірақ желтоқсан айының аязды күндерінің бірінде орын алған көрінеді. Сол күні кешкісін өзіне қаралуға келген соңғы науқасын шығарып салған дәрігер Митчелл өзінің қатты шаршағанын түсінеді. Оның науқастарды қабылдау бөлмесі үйінің астыңғы қабатында орналасқан еді. Сондықтан, ол тәуліктің қай мезгілі болмасын жанына араша сұрап келгендерге көмек көрсете беретін. Бүгін де түнгі он бір жарымға дейін демалмай жұмыс істеген оның қалжырайтындай-ақ жөні бар еді. Қабырғадағы сағаттың тіліне бір көз жүгіртіп, мойнындағы стетоскопын орнына ілген ол бөлменің жарығын сөндіріп, асүйге өтеді де, тоңазытқыштан сүт алып ішпек болады. Осы сәтте терезеден тысқа көзі түскен дәрігер далада қалың қар жауып тұрғанын көреді.

Сыртқы есікті құлыптап, жатын бөлмесіне көтерілген дәрігер Митчелл кереуетіне жайғасып, жылы көрпеге оранысымен бірден кірпігі ілініп, тәтті ұйқыға батып бара жатады. Дәл осы сәт сыртқы есіктің қоңырауы шылдырлап қоя береді. Жылы төсек пен ұйқысын қимай, біраз жатқан дәрігер ақыры орнынан тұруға мәжбүр болады. Өз кәсібіне шын берілген ол күндіз не түн болсын, өзіне келу­шілерді қарамай қай­тар­ған емес-ті. Түннің ортасында ешкім­нің ерік­кен­нен дәрігердің есі­гін қақпасы анық.

Сыртқы есікті аш­қанда, Митчелл мына­­дай суық күні өте жеңіл киінген жас қызды көреді. Оның сырт киімі жоқ еді, тек жылы жасыл көйлегі ғана бар екен. Аяғына күздік биік тақалы аяқкиім киіпті. Басына жұқа сұр шәлі тартқан. «Бұл қыз қырдың ар жағындағы кедейлердің жатағында тұратын болуы керек» деп топ­шылайды дәрігер. Ол қызға жылы шырай білдіріп, үйіне кіргізеді. Қыз табал­дырықтан аттасымен дәрігерге жалынышты көзбен қарап:

– Менің анам қатты сырқат. Оған жедел көмек көрек. Мен сізден жалынып сұраймын, мырза, өтінемін, менімен бірге жүріңізші, — дейді.

Дәрігер бірден келісе қоймай, ойланып тұрып қалады. Өзіне мүлде бейтаныс қыз түн ортасында өзі білмейтін жаққа шақырып тұр. Оның үстіне мына киіміне қарағанда, қалтасында бақыр тиыны да жоқ, демек тегін көмек көрсетуіне тура келеді. Әрі мынадай қарлы бұрқасында Митчеллдің жылы ұясын тастап кеткісі келмеген-ді. Бірақ, қыздың жалынышты жүзіне қарап, тез жиналған дәрігер біраз уақыттан кейін тас қараңғыда қалың қарды кешіп, кедейлер жатағына қарай кетіп бара жаты.

Митчелл бұл жерлерде аз болмаған еді. Ол тек ақша үшін емес, кейде қайы­рымдылық үшін де ақысыз көмек көр­­сететін. Ақыры таныс көшелермен жүріп отырып, ескілеу жатаған үйге келіп жеткенде, үнсіз есікті ашқан қыз дәрі­герді алға өткізіп, өзі сыртта қалып кетеді.

Үйдің іші өте жұпыны екен. Жиһаз дегенде қабырғадағы шағын ас сөресі мен төрдегі темір кереуеттен басқа еш­те­ңе жоқ. Бұрыштағы темір пеште от жағыл­­мағанына көп болған сияқты.

Осының бәрін көзімен бір шолып өткен дәрігер кереуетте ауыр тыныс алып жатқан егде әйелге жақындайды. Қажетті құралдарын алып, науқасты тек­серіп шыққан ол әйелдің өкпесі қатты қабын­ғанын түсінеді. Тиісті екпелерін жасап, әйелдің беті бері қараған соң, нау­қастың мынадай суық бөлмеде жата беруі жағдайды қиындататынын түсінген дәрігер пеш жағуын өтіну үшін өзін ертіп келген қызды көзімен іздей бастайды. Ол үйге кіргелі көрінбеген еді. Дәрігер орнынан тұрып, ауызғы бөлмені, сыртты да қарап келеді, ешкім жоқ. Ішке қайта кіргенде, қабырғада ілулі тұрған жасыл көйлек пен жұқа сұр шәліні және едендегі биік тақалы аяқкиімді көреді. Мұның бәрі жаңа ғана әлгі қыздың үстінде болған еді ғой. Ол қалайша мұның бәрін байқатпай шешіп үлгерген? Және өзі қайда?

Төсекте жатқан әйел осы кезде:

– Бұл менің қызымның киімдері, — дейді дәрігерге.

– Иә, білемін. Бірақ, ол қайда кетіп қалған? Менің онымен сөйлесуім керек, -дейді дәрігер.

Мұны естіген науқас әйел кемсеңдеп, ағыл-тегіл жылап қоя береді.

– Менің қызыммен енді ешкім де сөйлесе алмайды. Оның о дүниелік болға­нына екі ай болды, дәрігер…

Дайындаған

Б.КЕМЕЛ.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.