Б.ДҮЙСЕНБИНОВ, МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ: АШЫЛМАЙ ЖАТҚАН ӘЛІ ДЕ КӨП БЫЛЫҚТЫҢ БАРЫН БІЛДІРЕДІ
2 баласы бар әкім 250 шаршы метр жерде өмір сүруі керек те, 5 баласы бар Оңтүстік Қазақстанның тұрғыны 50 шаршы метр жерде тұруы керек?
Жергілікті биліктің қай сасқаны екенін білмеймін. Бірақ тығырықтан шығудың, бюджетті игерудің басқа да адами жолдары бар емес пе? Мысалы, мұғалімдеріміз, дәрігерлеріміз, одан қалса, ардагерлеріміз бар. Солардың қамына қарай игерсе, оған тек нұр үстіне нұр деуші едік. Енді «сасқан үйрек артымен сүңгиді» деп, жылдың соңында халықтың ақшасына жеке басына 250-300 шаршы метр үйді 50 миллион теңгеге сатып үй алып жатса, ол ешқандай игеруге де, ештеңеге де жатпайтын нәрсе. Бұл деген – салғырттық, тәртіптің жоқтығы.
Үлкен бір тексеріс керек. Әсіресе, тұрғын үй, жер алу мәселесінде олқылық өте көп. Мысалы, Оралда Исатай мен Махамбет жердің кезегінде тұр. Бұл не деген сұмдық!… Ақмола облысында Моцарт пен Голливуд жұлдыздары да тұр екен. Осының бәрін құзіретті органдар растап отыр.Тізімде Голливуд жұлдызы Курт Рассел, Моцарт, лейтенант Шмидт те жүр. Ондай адамдар жоқ қой. Бұл не қылған қитұрқылық? Қанша адам кезекте тұр, 10 сотық жеріне жете алмай қайтыс болып кеткен ардагерлеріміз де бар. Қаңғып жүрген азаматтарымыз бар. Бұл деген өз еліне жаны ашымаушылық. Енді осыған байланысты қылмыстық істер қозғалмақшы. Бұл деген ашылмай жатқан әлі де көп былықтың барын білдіреді.
jasqazaq.kz