Адамдар Қайда жоғалады?

Статистика бойынша, жыл сайын әлемде шамамен екі миллионға жуық адам із-түзсіз жоғалады екен. Оның себебі, әрине, әртүрлі. Біреулері кісі қолынан қаза тапса, бірі есін жоғалтып, қайтар жолын таба алмай қалады, ал енді бірі әдейі бәрінен жасырынып жүреді. Ал біреулерінің жоғалуына адамның ақылы жетпес түсініксіз жағдайлар себеп болып жатады. Және мұндай жағдайлар жылдан-жылға көбейіп барады…

Тарихи деректерге жүгінсек, адамдардың түсініксіз себептермен жоғалып кету жағдайлары осыдан бірнеше ғасырлар бұрын да ресми түрде тіркеліпті. Солардың бірі филиппиндік Перес есімді сарбаздың басынан өткен.

1593 жылы 25 қазанда Перес Манила губернаторы сарайының алдында күзетте тұрғанда, кенеттен Мексикадан бір-ақ шыққан. Ол үкімет сарайын күзетіп тұрған басқа сарбаздарға жүгіріп барып, өзінің қайда тап болғанын сұрайды. Олар «Мехикода» деп жауап бергенде, Перес есінен танып қала жаздайды. Оның басынан өткен жағдайды естігенде ешкім сене қоймайды. Сол кезде Перес кешке кешкісін Филиппиннің губернаторы Ұлы Мәртебелі дон Гомес Перес Маринасты біреулердің балталап өлтіргенін айтады. Ол жергілікті билік бұл хабардың растығына көз жеткізген бойда мұның сөзіне сенер деп үміттенеді.

Алайда ол уақытта қазіргідей жылдам хабар алғызар құрылғылар жоқ. Филиппиннен кеме келіп, губернатордың өлімі туралы хабардың растығын жеткізгенше арада екі ай уақыт өтіп кетеді. Пересті сол сәтте-ақ қамаудан босатады, бірақ оның қас пен көздің арасында қалайша қаншама қашықтықты араға салып, орын ауыстырып үлгергеніне әлі күнге дейін ешкім ақылға қонымды түсінік таба алмай келеді…

*    *    *

…Мұндай «кенеттен жоғалып-табылу» оқиғасы біздің заманымызда да орын алған көрінеді. 1958 жылы Буэнос-Айресте тұратын адвокат Джеральд Видал әйелімен және екі досымен бірге демалыстарын қала сыртында өткізіп, кешкісін екі көлікпен үйлеріне қайтып келе жатады. Бір уақытта алдыңғы көлік жүргізушісі соңдарынан еріп келе жатқан Видал отбасының көлігі көзден ғайып болғанын байқайды. Ол көлігін кері бұрып, біраз жерді шарлап келсе де, Видалдар отбасының ізін де таба алмай қалады. Мүмкін басқа төте жолмен кетіп, ендігі үйлеріне жетіп алған болар деген оймен үйіне барса, онда да адам қарасы көрінбейді…

Осылайша достары дабыл қағып, жергілікті полиция мен ауруханалардың есігін тоздырып жатқанда, арада 48 сағат өткенде Нью-Мексикодан телефон хабарламасы келеді. Тұтқаның арғы жағындағы Аргентина елшісі із-түзсіз жоғалған Джеральд Видал мен оның әйелі қазір жанында тұрғанын және олардың жағдайы жақсы екенін жеткізеді.

Тиісті ресми рәсімдерден кейін арада бірнеше күн өткенде Буэнос-Айреске оралған Видал өздерінің  5 мың шақырым қашықтықтағы қалаға қалай тап болғанын әңгімелеп береді. «Біз қалаға кіретін жолға бұрылғанымыз сол, кенет айналаны қалың тұман басып қалды. Сол сәтте әйелім екеуміздің де тынысымыз тарылып, есімізден танып қалыппыз. Көзімізді ашқанда, өзімізге мүлде бейтаныс жерде тұрғанымызды көрдік. Қозғалтқыш әлі де жұмыс істеп тұрды, бірақ көліктің сыртқы бояуы ағарып кетіпті, тура бір сыртынан жалын шарпып өткендей», — дейді ол.

Олар жандарынан өткен кездейсоқ жолаушыдан өздерінің Мексикада тұрғанын сұрап біліп, Аргентина елшілігіне жүгінеді. Бақыттарына орай, аздап шаршағаны болмаса, соншама қашықтықты ғарыштық жылдамдықпен жүріп өту кезінде олардың денсаулығына ешқандай зиян келмеген…

*    *    *

Кейде оқырмандар осындай оқиғаларды оқып отырып: «Қойшы, батыстағылар сенсация қуып, әртүрлі өтірікті қиыстырып жаза береді. Олардың растығына кіп кепіл? Егер мұндай жағдай бізде орын алса, онда әңгіме басқа» деп сенімсіздік білдіріп жатады. Әрине, көз көрмес қияндағы оқиғалардың рас-өтірігін саралап жатқан ешкім жоқ. Дегенмен, біздің Қазақстанда да осыған ұқсас оқиғалар орын алмай тұрмайды екен. Айталық, Көкшетау облысының Красноармейский селосының тұрғыны Николай Пинчук деген азаматтың әңгімесі осыған дәлел. «Сол күні аспанда бір шөкім бұлт та, үп еткен жел де болмады. Мен серігіммен бірге түнгі ауысымда тракторыммен жер айдап жүргенмін. Кенет егістік алаңының үстінде қызыл-сары түсті, шар тектес, диаметрі 3-5 метрдей белгісіз нысан пайда болды. Бастапқыда ол жерден бір метрдей ғана биіктікте қозғалыссыз қалықтап тұрды. Шардың ішінде тіп-тік бір көлеңке әрі-бері қозғалып жүргені анық көрініп тұрды. Бұған қарап тұрудың өзі қорқынышты еді. Бір кезде шар шалт қимылмен 10-15 метрге бірден көтерілді. Сосын тағы да біртіндеп биіктігін ұлғайта түсті. Осының бәрі шамамен жарты сағатқа созылды. Сосын шар ұшу биіктігін жоғалтпай, бізден үш шақырымдай қашықтықта жатқан көлге қарай қозғала бастады. Біз оның қозғалысына арбалып қалғандай, соңынан ере бердік. Сол жүріспен көлге жеткенде, әлгі шар жағадағы қамыстың басын жапырып, судың бетінде қырық минуттай қозғалыссыз қалықтап тұрды. Сосын жайлап көтерілді де, біртіндеп кішірейе берді. Көлемі толған айдай болғанда, бірден көзден ғайып болды.

Ең қызығы осыдан кейін болды. Біз есімізді жиып, кері қайтпақ болғанда, жолды таба алмай дал болдық. Біздің жер жыртып жүрген егістік алқабымыз ауылдан онша қашық емес еді. Қайтар жолды бес саусағымыздай жақсы білетіндіктен, тіпті айсыз қараңғы түнде де адаспай тауып бара беретінбіз. Бірақ, сол күні түні бойы шарлап, айналаны тоқтаусыз кезсек те, ауылымыздың жарығын көре алмай, әбден сілеміз қатты. Тек таңғы бесте ғана бір ауылдың шетіне іліндік. Сөйтсек, біз өзіміздің егістік алқабынан 50 шақырым жерге кетіп қалыппыз. Мұның қалай болғанын әлі күнге түсіне алар емеспіз…». Мұның бәрі бір қарағанда ойдан шығарылған қисынсыз әңгімеге ұқсайды. Бірақ, бұл өмірде не болмайды?!

(Жалғасы бар).

Дайындаған

К.ТІЛЕПОВА.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.