ҚАРШАДАЙ БАЛА МҰНША ҚАТЫГЕЗДІКТІ ҚАЙДАН АЛЫП ЖҮР?

Біздің қоғамда дабыл қағарлық жағдай орын алды. Әлеуметтік желілерде Түркістан қаласы мектеп оқушыларының жаға жыртысқан бейнежазбалары бірінен соң бірі келуде. Басқа емес, облыс орталығының жасөспірімдерінің аты елімізге жауыздықпен танылды. Адам шошырлық дүние. Мұндай ашу, ыза-кекті қаршадай бала бойына қайдан жинады?

Сорақысы сол – бұл әдеттегі ойын баласының түсте араз боп, түстен кейін достасып қалатын әрекеті емес, нағыз бір қатыгездік пен тасбауырлықтың көрінісі. Бұл қанымызға қатыгездік сіңіп бара жатқанынан хабар бермейді ме?  Қатарлас баланы аямай соққының астына алған да, оны балағаттап, анайы сөздер айтып, жан түршігерлік іс-әрекеттер көрсеткен де мектеп оқушылары. Кейбірі тіпті, қолына темекіні бұрқыратып, тіліңе басамын деп қоқанлоққы көрсетеді. Әдетте, шетелдік фильмдерден көретін бұл көріністі 15-16 жастағы мектеп оқушысы жасап жатыр дегенге сену қиын. Бірақ, шындығы сол – қаладағы үш мектептің 8 баласы көрші мектептің 3 оқушысын ұрлап әкетіп, әлімжеттік көрсеткен.  Бесіктен белі шықпаған бала бүгін мына сұмдықты көрсетсе, ел болашағы деп сенгендер ертең не көрсетеді? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Жасөспірімдер арасындағы жауыздық мұныменен тоқтамайды. Түркістандағы жағдай есімізді жиғызбай жатып, Қызылорда қаласынан да жақсы жаңалық келмеді. Мектеп дәретханасында болған оқушылар арасындағы бейнетаспаға түсірілген оқиға жария болды. Бір-бірімен әлімжеттік көрсетуден жарысып жатқандай, Ақтөбе облысында да оқушылар арасындағы төбелес жиілеген. Ал Шалқарда мұз айдынында төбелескен жасөспірімдердің бір көп ұзамай көз жұмды.

Бүгінгі қоғамда кейбір құндылықтар құрдымға кетті. Ата-ана мен мектептегі үйлесімді байланыс үзілгелі қашан!? Яғни, жасөспірімдерге арналған түрлі үйірмелер мен орталықтар ашып, олардың қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Әсіресе, осы үрдіс ауылдық жерлерде жүйелі жолға қойылып, баланың мектептен тыс уақытын пайдалы нәрсеге жұмсауына жағдай жасалуы тиіс. Ең алдымен, әр баланың бойына мейірімділіктің дәнін себуіміз керек. Хакім Абай айтқан: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөздің төркінін түсіндіруміз керек.

Осындай сорақылықтардан кейін, мектептерде жүйелі жұмыстар жүргізілмейді ме деген де ой келеді. Иә, бүкіл бір министрлік, тиісті салалар дабыл қағатындай өзекті мәселе қызуы қатты өртті елестетеді. Оқушылар арасындағы әлімжеттіктің кінәлілері анықталып, тиісті жазасын алатыны анық. Осы «өрттің» алдын алуға болатын ба еді? Өкініштісі, тағылымды дүниелерді кейбір ата-аналардың қаперге алмауы, бала тәрбиесіне салғырт қарауы бүгінгідей олқылықтың орын алуына әкеліп отыр.

Ұ.Өскен

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.