ТҮРКІСТАНДА «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС ХХХVІ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
Түркістан қаласында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХХVI конференциясы өтті.
Жиынға Түркістан облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасы Ж.Түймебаев, партия төрағасының бірінші орынбасары Н.Жолдасов пен облыстық маслихат хатшысы Қ.Балабиев пен маслихат депутаттары және бастауыш партия ұйымдары мен «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, Түркістан облысының даму жоспарын таныстырды.
«Біз сіздермен жаңа дәуірі басталған Түркістан қаласында жолығып отырмыз. Бұл да бір тарихи оқиға деуге негіз бар. «Нұр Отан» партиясының тарихы тәуелсіз Қазақстанның дамуымен тығыз байланысты. Партиямыз елімізде өткен алғашқы сайлауда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың реформасын қолдаған жалпыхалықтық коалиция базасында құрылды. Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы партиямызға үлкен сенім артып отыр. Ал, сенімге қиянат жасамау – қасиетті борыш. Бүгінгі конференциямызға партия құрылған күнінен бастап елге еңбегі сіңген партия ардагерлері мен белсенділері қатысып отыр. Біздің алдымызда Түркістан облысын, оның орталығы Түркістан қаласын дамыту міндеті тұр. Бұл – тарих алдындағы, Отан алдындағы үлкен жауапкершілік әрі сенім. Қазақ тарихында өшпес із қалдырған хандар мен сұлтандар, билер мен батырлар, ғұламалар мен ойшылардың ізі қалған өңірде ел үшін құлшына еңбек ету – үлкен мәртебе. Сондықтан біз атқаратын жұмыс, бағындыратын шыңдар аз емес», – деді облыс әкімі.
Конференцияда «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы». Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі», ҚР Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын іске асыру барысы туралы баяндалып, «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі Бағдарламасы жобасының негізгі ережелеріне талқылау жүргізілді. Сонымен қатар, Партия Жарғысына және «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалының Саяси кеңесі құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар айтылып, облыстық филиалдың бақылау-тексеру комиссиясының құрамын сайлау туралы және «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ Съезіне делегаттарын сайлау туралы мәселелер қаралды.
Баяндама барысында облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев: «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 5 қазанында «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жариялаған болатын. Түркістан облысында Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру бойынша түсіндіру және насихаттау мақсатында 5 ақпараттық насихаттық топ құрылып, әр топты облыс әкімінің орынбасарлары басқарды. Топ құрамында 24-салалық басқарма басшылары мен 12 қоғамдық ұйым жетекшілері және облысымыздағы үш жоғарғы оқу орындарыннан 20 лектор-сарапшылар енді. Аталған насихаттық топтар облыстың барлық аудан, қалаларында іс-сапарға шығып, тұрғындармен 48 кездесу өткізіп, 10 мыңға жуық адам қамтыды», – деді.
Конференция жұмысын қорытындылаған облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасы Жансейіт Түймебаев алдағы атқарылатын жұмыстар бойынша бірқатар тапсырмалар беріп, жүктелген міндеттер мен тапсырмалар өз мерзімінде әрі сапалы орындалуына сенім білдірді. Конференцияның қорытындысы бойынша арнайы қарар қабылданды.