Қазақтың ардақты бір арысы еді

Шымкент қаласының ғана емес, қазақ медицинасының ауыр қазаға ұшырағанын даусыз дәлелдеген ұлтымыздың алғашқы трансплантологының бірі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мәди Қожаұлы Биғалиевтың қазасын оңтүстік өңірі жұртшылығының, тіпті медицинадан құлағдар жандардың күйзеле қабылдағаны анық-ақ.

Қазақтың қара үзген шипагері  Өтейбойдақ бастап, академик Мұхтар Әлиев пен атақты профессор Жақсылық Досқалиевтердің соңғы соқпағына ізін салған қазақтың саусақпен санарлық шипагерлерінің бірі болса да, бірегейі Ұлттық медициналық ассоциациясының «Алтын дәрігер» номинациясының иегері Мәди Биғалиев екендігіне ешкімнің де шүбәсі болмаса керек.

Қазақтың ежелгі Атажұртының, қазіргі Ресей Федерациясы Самара губерниясы топырағынан нәр алып өскен Мәди Қожаұлына Жаратушы Құдірет иесі бар саналы ғұмырын қазағының қақ ортасында жүріп, ұлтына қалтқысыз қызмет етуді өмір сыйы етіп бұйыртыпты. М.Биғалиев 1992 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтының емдеу факультетін бітіріп, еңбек жолын қасиетті оңтүстіктің облыстық ауруханасында дәрігер-хирург болып бастаса, өмірінің 38 жылын адам жанына арашашы болудың арпалысымен өткізген халқының адалынан туған перзентіне топырақты да осы өңірден бұйыртыпты. Тағдыр Мәди Қожаұлына өмірлік серігін де оңтүстіктің аруларының арасынан кездестіріп, әріптесі Сәуле Әбдуәліқызы Жақсыбаевамен бас қосады.

Облыстың денсаулық саласын ширек ғасырдан астам уақыт басқарып, туған жеріне өлшеусіз еңбегін сіңірген ел перзенті Әбдуәлі Жақсыбаев күйеу баласы Мәди Қожаұлының қамқоршысы ғана болған жоқ, оның бойындағы ерен қабілет пен дарындылықты тани біліп, өз кәсібінің үздік маманы етіп шығаруға берген тәрбиесі оң нәтижесін берді де. Табиғаттың берген сыйына терең білімділігі үйлесе кеткен жас кадр М.Биғалив өз ортасына аз уақытта танылып, №1 хирургия бөлімінің меңгерушілігіне жоғарылатылып, 1992 жылдан облыстық денсаулық басқармасының бас хирургі қызметін абыроймен атқарды.

Осы жылдар білікті дәрігердің облыстық аурухананың «Жедел жәрдем» тікұшағымен де, автокөлігімен де өңірдің төрт бұрышына арнайы шақыртумен барып, ота жасаумен талайлардың өміріне арашашы  болған кезең еді. Бірде Шардараға ұшып барып, 18 жасар бозымды өлімнен құтқарып, енді бірде қақаған қыста Созаққа ұшып барып, 6 баланың анасын аман алып қалу үшін қона жатып, таңды таңға ұрып өмір күзетінде тұруды басынан өткізіпті. Осы кезден бастап жоғары санатты дәрігер-хирург Мәди Қожаұлының есімі ел ішінде аңыз болып айтылып келе жатса, күні кеше оның дүниеден өткен күнгі қаралы хабарға қабырғасы қайысып, ел арысын аза тұтқан қарапайым халықтың үні электронды БАҚ беттерінде бірнеше жүз мыңдап күндіз-түні жарияланғаннан кейін-ақ оған сөз қосудың өзі артық шығар.

Ғұмырында он мыңнан астам операция жасап, бәрін дерлік оң нәтижемен аяқтаған шипагердің ресми берілмеген «Еңбек Ері» атағының иегері екендігіне ешкім де шүбә келтіре алмаса керек.  Оның есімі ел-жұртының жүрегінде мәңгілікке орын алып қалды. Денсаулық сақтау ісіне қосқан орасан еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған Мәди Биғалиев соңғы жиырма шақты жылда еш қиындықсыз халық қалаулысы – мәслихат депутаты болып сайланып жүргені қалың көпке аян.

Облыстық аурухана жарты ғасыр бұрынғы Вагит Алиевтен кейін еңсесін тіктеген кезі 2000 жылдан бастап, бес жылдың жүзінде мекемені М.Биғалиев басқарған жылдар еді. Облыстық клиникалық аурухана уақытпен үндесерлік етіп күрделі жөндеуден өткізілді. Клиникалық аурухананың ішкі құрылысына замана талабына сай өзгерістер жасалды. Ең бастысы, медицина саласының жап-жаңа, озық техникасын енгізуге басымдық беріліп, нақты істер іске асырылып жатты.

Оңтүстіктен қол үзбей жүріп, теорияны іс жүзінде асыруды қолынан өткізген М.Биғалиев ізденімпаздығы мен еңбекқорлығының арқасында медицина ғылымы кандидаты және ғылым докторы атақтарын ойдағыдай қорғап шықты. Жаңашылдыққа жаны құмар Мәди Қожаұлының арқасында кейін Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы да кісі танымастай өзгеріске қол жеткізді.

Тәрбиесінің негізі орысша қалыптасудан не болса да бетке тіке айтатын, құйтырқы тірліктен хабарсыз, тәртіп пен еңбекті алғашқы орныға қоятын Мәди Қожаұлының басшы ретінде қоятын талаптарына әріптестері мен қарамағында істейтін қызметкерлері түсіністікпен қарап, сапалы орындауға дағдыланған болатын. Ол дәрігерлердің қиындығы мол қызметіне құрметпен қарап, кіші қызметкерлердің тынымсыз еңбектерін барынша бағалай білуді ұстанатын. Ол басқарған жерде қатаң тәртіп сақталатын. Қызметкерлердің еңбегіне атүсті қарамай, олардың негізсіз жазалануына жол бермейтін, бәріне де сергектікпен қарауды серік ететін.

Кәсіби біліктілігі жоғары, жауапкершілігі мол қызметкерлеріне ықыласы ерекше болатын. Тамыр-таныстық пен сый-сияпат дегенді суқаны сүймейтін азамат адам өмірінің жауапкершілігі бар жерде жан дүниесі таза жандарды ұстауға тырысатын. Ол басқаратын ауруханада зейнеткер орыс, неміс, т.б. ұлт өкілдері жұмыс істегенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Асқаралы азамат Астана мен Алматыны айтпағанда Шымкенттен басқа облыс орталығында кездесе бермейтін, бүгінгі күннің талабына сай жұмыс істей алатын аурухананың негізін қалап кетті. Он жылдан астам жұмыс уақыт өзі басшылық еткен Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының жаңа медициналық технологиямен жабдықталуына Мәди Биғалиевтың өлшеусіз еңбек сіңіргеніне ешкім де дау айта алмаса керек. Ең жаңа аппараттардың осында қойылғаны қалың жұртшылыққа аян. Онда кәсіби біліктілігі жоғары мамандар қызмет істесе, ол да бас дәрігердің іскерлігінен болатын.

Жаңашыл, елжанды азамат үлкен ізденістерімен, жанқиярлығымен осы ауруханада 130 бүйрек пен 18 бауыр трансплантациясын жасауды енгізуге ден қойған санаулы ғалымдардың бел ортасында М.Биғалиевтың жүргені алыс-жақын шет елдерге де белгілі болды. Шымкентке келіп Мәди Қожаұлы жасаған трансплантацияны өз көздерімен көрген Еуропа мен Азия елдерінің қаншама ғұламалары қазақтың «Алтын қолды» баласының талантына тәнті болғанынан бәріміз де құлағдармыз.

Оның бергенінен берері көп еді. Шымкентті еліміздің ерекше қаласы етуді мақсат етіп, сол жолға күш-қуатын аямай жұмсады.

Халқының «Мәди Қожаевич» туралы айтары көп, оның есімі ел аузында аңыз болып, құрметпен айтыла беретіні хақ.

Жаны жанната болсын, ардақты ел арысы!

О.Тәжиев,

«Қазақстан жолы» газетінің

 бас редакторы

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.