Туған ата-анамнан артық
Әрине, жетімдер үйі өз үйіңе жетпейді. Анаң тастап кеткен соң, тағдырға не шара, бәріне көндігіп жүре береді екенсің. Біз, балалар, бәріміз бірге отырғанда ата-анамыз туралы көп айтып, олардың жағдайлары түзелген соң, бізді алып кетеді деген бір үмітті өзімізге сыйлаушы едік.
Бірақ, мені анам іздеп келмеді. Тек 5-ке толған кезімде қазіргі ата-анам келіп, мені өздерімен алып кетті. Олар да мен секілді өмірден үміттерін үзбеген жандар екен. Бір перзентке зар болып, отасқан соң бес жылдай жүріпті. Олардың менің туған ата-анам емес екенін білсем де, екеуін де қатты жақсы көрдім. Екі жылдан соң, отбасын қуанышқа бөлеп, анам егіз ұл тапты. Мен де інілеріме қарап, оларды бақшаға апарып, барлық қамқорлығымды аямадым.
Мен оқу бітіретін жылы «сенің туған анаңмын» деп бір кісі іздеп келді. Оған ренжімедім де, жыламадым да. Жай ғана оның мені өмірге әкелгеніне рахметімді айтып, кете бардым. Оның жарық дүниеде бар екендігіне шүкір еттім. Осы оқиғаны үйге келіп, анама айтып едім, оның көңіл-күйі түсіп, үнсіз қалды.
«Туған анаңмын» деп жүрген кісі мені іздеп қайта-қайта келе берген соң: «Мені енді іздеп келмеңіз. Анам сіздің кесіріңізден уайымға салынып жүр, мені кетіп қала ма деп қорқады. Ал мен ондай қатыгездік жасамаймын. Кезінде керек болмаған баланың енді сізге керегі қанша?» — деп едім, ол мені жақсы көретінін, осылай жасауға мәжбүр болғанын айтып, өзіне қайтып келуімді сұрап, жалбарынды. Бірақ, мен енді онымен кездескім келмейтінін айтып, қайтып келмеуін сұрадым. Содан бері ол келуді доғарды. Менің де жүрегім тыныш тапқандай. Анамды бір көрсем екен деген бала күнгі тілегім орындалды. Енді өзімді асырап алған ата-анамды ренжітпеуді ғана ойладым.
Сөйтіп жүргенде мектеп бітіріп, ҰБТ басталып та кетті. Өз күшіммен оқуға түсемін деп барымды салып едім, бірақ, балым жетпей, сүрініп қалдым. Үйге келіп, көңілсіз жатқанымды көрген анам: «Уайымдама, біз сені ақылы бөлімде болса да оқытамыз. Сен біздің алғашқы перзентімізсің, сен үшін бәрін де жасаймыз, құлыным», — деп жұбатты. Әкем екеуі келісе келе мені Астанаға оқуға жіберетін болды.
Қазір бәрі жақсы, мен өзімнің туған анам көрсете алмаған жақсылықтарға ие болып отырмын. Өзіме осыншалық қамқорлық көрсетіп отырған ата-анамды қалай жақсы көрмейін? Көкек анамнан мың есе артық емес пе олар?
Бағдат.