«Әзірет Сұлтан» қорық-музейі туристік орталық басшыларымен меморандумға қол қойды
Бүгін «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қос бірдей мекемемен туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге келді.
Туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайту және бірлесе дамыту мақсатында қолға алынған бастама аясында «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директордың ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары Мұрат Тастанбеков, «Балалар мен жасөспірімдер туризм және өлкетану орталығы» КММ директоры Раушан Жүзжасарова және «Би-Нур» туристік фирмасының директоры Шұға Шамшиева меморандумға қол қойды.
Айта кетсек, Мемлекет басшысының Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесін беру туралы шешімі тарихи оқиғаға айналғаны белгілі.
2018 жылғы 29 қыркүйекте Елбасының Түркістан облысына сапары барысында «Әзірет-Сұлтан» музей-қорығын ЮНЕСКО-ның бірегей ескерткіші ретінде қалпына келтіру жоспары бекітілді.
Жоба ежелгі римдік Помпей қаласының музейі, Осман империясының «Топкапы» сарайы, Иерусалим қаласы сияқты әлем ескерткіштерінің тәжірибесіне сүйене отырып, әзірленді. Оларға жыл сайын осы елдердің экономикасына үлкен кіріс әкелетін миллиондаған туристер барады.
Осы орайда 2023 жылға қарай Түркістанға келетін туристердің саны 5 млн. аса адамды құрайтын болады, олардың келу уақыты да 3 сағаттан 4-5 күнге дейін ұлғаймақ.
Осы ретте аталған компания басшылары да шетелдік туристермен қарым-қатынас жасай отырып, Түркістан қаласының тарихи-мәдени келбетін бірлесе таныстыруға күш салуға уағдаласты.