Әкiм Жамантай сергектiктi серiк етуi керек емес пе?

Біздің газетімізде Жетісай ауданы әкімі Жамантай Бейсенбаевтың шынайы ел жанашыры екендігін көрсететін парасаттылығы мен қарапайым еңбек адамдарының тыныстіршілігін жетік білетін басшылық іскерлігі туралы жылы лебізді материалдар аз жарияланған жоқ. Өмір өрнегін тынымсыз еңбегімен өрнектеген  іскер басшының тұрмыста иманды жан ретіндегі болмысын да үлгіөнеге еткен болатынбыз. Тіпті, биылғы жылдың  көктемінің ерте келе бастағанын қалт жібермей, қаншама игі істердің бастамашысы болғанына дейін сүйсіне сөз еткен жайымыз бар. Басылым бетінде облыстағы №1 әкім дегенге дейін әспеттелініп келіп, енді сыни пікірдің берілуіне  оқырман  ізеттілікпен қарар деген ойдамыз. Адамзат баласы өзінің періште емес, пенде екенін әлімсақтан мойындаса керек. Қолмен  қиянат жасауға бармағанның өзінде, жауапкершілік артылған жерде байқаусыз қалдыратын, немқұрайлылық көрсетіп қоятын жайттардың орнын алатынын ешкім де жоққа шығара алмас, әсте. Сондықтан, шаруашылық саласын басқару ісіне мін айта алмаған әкімнің, өзінің бетіне қарап отырған қарапайым қалың елінің ішінде орын алып жатқан айтпасқа болмайтын өзекті мәселені назарына ұсынып кетудің артықтығы болмас деп білдік. Жетісай ауданынан арнап  сұрағанда да, әділдіктен үмітін үзбегендіктен газетіміздің редакциясына атбасын арнайы үш рет бұрып, шағымын айтқан бірнеше бауырымыздың көтерген мәселесін елеусіз қалдырмай, қысқаша жинақтап жариялай кетуді жөн көрдік.

Аудандағы Қоңырат елді мекенінің тұрғыны Жұмабай Жұбатов өзінің қарапайым еңбек адамы – дәнекерлеуші екенін айта келіп, өзінің атқарған еңбегінің ақысын ала алмай жүргенін ашына жазыпты. Ол азаматтың табан ақы, маңдай терінің ақысы 10 мил­лиондай теңгені аудандық білім бөліміне қарасты мекемелерге жөндеу жұмыстарын жүргізумен байланыстырады. Бұл кісіге жұмыс істеткізген бұрынғы аудандық ЖКҚ басшысы Ж.Шындалиев аудан әкімі Бейсенбаевтың күйеу баласы екенін көрсете келіп, аудан әкімдігі заңгері өзіне «шағымыңды сотқа бер» деп шығарып салғанына күйінеді. Ақысын бермеген адамның          баласы А.Шындалиев аудандық сотта, ал қайынағасы әкім, Ж.Бейсенбаев билеп-төстеп тұр­ғанда кім мені тыңдайды деп шырыл­дайды.

Елдің аузында, жұрттың көзінде жүрген әкім Ж.Бейсенбаев өзі аталып көрсетілген дауды біле тұрып, неге Ж.Жұбатов пен Ж.Шындалиевті өзінің алдына шақырып алмады? Соттай төрелік айтпаса да, ел иесі, жер иесі де болып тұрған соң, мәселеге өзінің нүкте қойғаны дұрыс емес пе еді? Ел ішіндегі даудың елеусіз қалдырылуы ел ынтымағын босаңсытып, ырың-жырыңды көбейтеді емес пе?

Аудандағы Ынтымақ ауыл­дық округінен ерлі-зайыпты Жұбатовтар өздерінің тұрғын үйін балабақша үшін жалға алған “Кәусар Әли-2030” үйлерін өртеп кетіп, мемлекеттің бюджеттік 3840000 теңгесін талан-тараж еткенін дәлелдейтін құжаттарды ұсынады.

Бұрын бұл ауданда жекеменшік балалар бақшасында заңбұзушылыққа жол беріліп, бірнеше ауыл әкімінің сотты болғанын облыс жұртшылығы ұмыта қойған жоқ болса, бұл сорақылықтың қайта бас көтергені ме? Шағым айтушы Жетісай қаласындағы «Мүтәлі» ЖШС-ның және «Ақтай ата» ЖШС-ның бөбекжай бақшасында орын алған заңбұзушылық фактілерді алаулатып жатқаны тағы бар.

Осы аз болғандай, Жетісай қаласындағы Т.Рысқұлов мек­тебінде 2018 жылдың қаңтар-мамыр айында мектептің есігін ашпаған 3 оқушының «Аттестат» алып,

ЖОО-да студент болып жүргені де аз сөз болып жатпағаны айтылады. «Аттестат» алған 3 оқушыға «Сынып журналына» бірнеше мұғалім толтырмай, баға қоймағанына дейін түсіріліп алынған фотосуреттер қолдан-қолға өтіп жүргені сөз етілген.

Айтпағымыз, ауданды басқаруда абырой биігінен көрініп жүрген нағыз отаншыл азамат Ж.Бейсенбаевтың ел ішінің тынысындағы келеңсіздіктерге бір сәт сергектікпен қарағаны жөн болар еді. Жоғарыда көрсеткеніміздей, редакцияға хат ағыны да, келушілер де жетерлік болып тұр. Журналистік зерттеу бола жатар, маңыздысы, аудан басшысының мәселені шешуде жанашырлық көрсетуі керек-ақ дер едік.

Ә.Мұратбеков

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.