Құмар ойын құрбандары кiмдер?

Күн өткен сайын жастар арасында меңдеген қоғамның дауасыз дерттерінің бірі – ойынқұмарлық. Ертеректе Үндістан, Еуропадан басталған бұл ойындар бүгінде қазақтың қанын ішіп, сорына айналды. Бақыр бастының «бармағын сорғызып», ұтыс сомасының желіккендерді еліктірмей қоймасы тағы бар. 5-сыныптың баласынан бастап интернет-клубтардың есігін жағаласа, оның ағасын букмекерлік кеңседен, ойын автоматтарынан табуға болады. Бір ғана Шым­кент қаласының өзінен аттаған әр екі қадам сайын ойынханаларды көруге болады. Бұл нені көрсетеді? Яғни, ойынханаларды жағалаған жас­тардың қарасы да аз емес, тіпті көп. Ал бүгінде ойынханаларға тәуелділік маскүнемдік пен нашаға тәуелділіктен бір де кем түспейді.

Елімізде жасөспірімдер арасында көптеген сорақылықтар орын алды. Түркістанда, Қызылорда мен Шалқарда болған жағдайлар жасөспірімдердің бұрын біз байқамаған қатыгездігін көрсетіп берді. Жасөспірімдердің мұнша қатыгездікті бойына жинауына бірнеше факторлар әсер етеді. Бұған ойынханалардың да кесірі жоқ емес. Шарттары әр түрлі ойынханалар бүгінде таптырмас бизнес көзі болып отыр. Қалтасын қалыңдатуды ойлаған ойынхана басшылары халықты бірнеше құндылықтарынан айырып жатқандарына бас ауыртып жатпайды да.

Біріншіден, халықтың қалтасын жұқартады. Ойынханаға тәуелділіктен ақша таппаған жасөспірімдер ата-анасының, одан қалса, басқаның қалтасына қол сұғудан тайынбайды. Бұл қоғамда аз емес.

Екіншіден, уақыт пен денсаулықты өлтіретіні. Кітапхана емес, бостан-бос сағаттап ойынханаларда күн-түн демей ойын ойнап отырады. Тіпті 2-3 күн із-түзсіз жоғалып кеткен оқушыларды құқық қорғау органдарының қызметкерлері компьютерлік клубтардан тауып жатады. Яғни, бұл ойын бизнесіне жас-кәрі демей шектен тыс тәуелділіктің артып кеткенін көрсетеді.

Үшіншіден, психология. Жастардың ашушаң, қатыгез, тасбауыр болуына да компьютерлік ойындар тікелей әсер етеді. Құмар ойынға тәуелділіктің соңы ауыр қылмысқа, трагедияға соқтырады. Мұндай деректер, әсіресе, үлкен қалаларда жиі кездеседі. Астана, Алматы, Шымкент қаласында қарызға белшесінен батқандардың ауыр қылмыстарға баруы жиілеген. Соңғы 4 жыл ішінде ойын клубтары мен мекемелерінде 234 қылмыс жасалған. Оның ішінде 81 ойын мекемесіне шабуыл жасау, 53 тонау оқиғасы және тағы басқа қылмыстар. Биыл құмар ойындарға қатысты 6 қылмыс жасалғанын ішкі істер министрлігі хабарлаған болатын.

Бұл дүние қазақ қоғамының тамырын кесетін, қасіретті әрекеттердің бірі. Тек қазақ қоғамы ғана емес адамзаттың індеті, дерті. Құмар ойындары қасиетті Құранымыз бен хадистерде ауыр күнә ретінде көрсетілген. Ең өкініштісі, құмар ойындарынан білдей азаматтар бел шешіп кірісіп, артынан зар илеп жүргендер аз ба? Баршылықтың арқасы шығар, әп-әжептеуір қызметте жүрген жас жігіттердің құмар ойындарына араласып жүргенін көрмедік, білмедік деп айта алмасақ керек.Сондықтан, әр адам өз құмарлығы мен нәпсісін тыя білуді үйренсе деймін. Құмар ойындарын түпкілікті тамырымен жойып жіберу оңай болмасы анық. Дегенмен де, не нәрсенің де шегін білген жөн ғой.

Ұ.Өскен

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.