А.ІСМАҚОВА, ф.ғ.д., профессор: Адал еңбекпен өскен бала…
Жастарды театрға жинап алып, 10-20 мың теңге үлестіріп, біз жарылқап жатырмыз деген науқан болып кетпесе игі. Әр салада қолынан іс келетін жастар бар, солардың кәсіби жетістіктерін бағалай білу қажет. Қазір талантты жастар өте көп.
«Жастар жылын» биліктің тойына айналдырмай, талантты, дарынды жастарды қолдап, ауылдағы жастарға да назар аударылу керек. Тепсе темір үзетін қазақтың жігіттері жұмыссыз жүр. Мұның барлығы келешегімізге балта шабумен тең. Билік жастардың еңсесін көтеретін нақты жұмыстар істеуі керек. Жастар да «бізде анау жоқ, мынау жоқ» дегенді қойып, Алаш зиялыларының рухын бойларына сіңірсе деймін.
Қазір байлардан сұрасаң да анаған жетпейді, мынаған жетпейді деп зарлайды. Қазақ қай жағдайда да қанағат деп өмір сүрген. Ұят болады, обал болады, жаман болады деген қазақи ұғымдарды өміріне өлшем еткен. Адал еңбекпен өскен бала, ол да сондай адал істің басында жүреді.
«ЖО»