Жас шахматшы Бибісара Асаубаева Ақтау университетінен грант алды

QAZYGURT.KZ:  Жас шахматшы Бибісара Асаубаева Ақтау университетінде тегін оқитын болды. Бұл туралы спортшының анасы Лиана Таңжарықова айтты.

«…Есенов атындағы Университетте болдық. (Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университеті). Оқу орнының ректоры Берік Ахметов Бибісараға білім алуына грант табыс етті. Қызым ректормен бір партия шахмат ойнады», — деді ол. Ректор гранты Бибісараға Университеттің көпсалалы колледжінде «Ақпараттық жүйелер» мамандығының «техник бағдарламашы» біліктілігі бойынша тегін білім алуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, жас шахматшы Бибісара Асаубаева Қазақстанға Ресейден жақында ғана оралған болатын. Кейін Қазақстан Шахмат федерациясы Бибісараның Астанада өтетін командалық чемпионатта Қазақстанның атынан шығатынын мәлімдеді. Бибісара Ақтау қаласына көшіп келген болатын. Ол енді Маңғыстау облысының намысын қорғайтын болады. Ол өзінің Ақтауға көшіп келгісі келетінін Маңғыстау әкімі Ералы Тоғжанмен кездесуде айтқан болатын. «Біз Ақтауға келдік. Таң шапағымен таласып Маңғыстау әкімдігінің қалай жұмыс жасайтынын көріп келдік. Ералы Лұқпанұлымен жұмыс кабинетінде әңгіме дүкен құрдық. Жиынға өңірдің ардагерлері, жас шахматшылар қатысты», — деді Лиана Фейсбукте. Кездесуден соң әкім дарынды балаларды түстенуге шақырған. «Балалар әкіммен еркін сөйлесті. Ойларын айтты. Бибісара Каспий елдері арасында Каспий кубогын ұйымдастыру туралы ұсыныс айтты. Облыс басшысы оның ұсынысты Ақтауда былтыр өткен 5 Каспий маңы елінің саммитінде айтылған ұсыныс ретінде қабыл алып, келісім беріп бекітті», — деді ол. Талантты қазақстандық спортшы шахматшы Бибісара Асаубаева 5 дүркін әлемдік чемпионы титулын алған.
АҚПАРАТ көзі: inform.kz 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.