Қазақстанда үлкен қалалар маңындағы ауылдарды дамытуға 30 млрд теңге бөлінеді
QAZYGURT.KZ: Астана, Алматы мен Шымкент қаласының шетіндегі ауылдардың инфрақұрымын дамытуға 30 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің отырысында Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Аймақтық инфрақұрылымды дамыту бағытында 90 млрд теңге жұмсалады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін бұл бағытта жалпы 920 млрд теңге ақша бөлінеді. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен 680 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 230 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы қадам жалпы саны 4,5 млн адамға қызмет көрсететін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді», — дейді Татьяна Савельева Парламент Мәжілісінің ҚР-ның 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын нақтылауға арналған отырысы барысында. Вице-министрдің айтуына қарағанда, аймақтық инфрақұрылымды дамыту үшін биылдың өзінде республикалық бюджеттен 441,3 млрд теңге, оның ішінде жергілікті жолдарды жөндеуге 115,4 млрд теңге, сумен қамту, су тарту, су шаруашылығына 171,6 млрд теңге, электр энергиясымен қамту бағытында 89 млрд теңге бөлінеді. «Ірі қалалардың шетіндегі ауылдардың мәселесін шешу үшін 30 млрд теңге бөлінеді. Оның ішінде Астана қаласының шетіндегі Ақмола облысына қарасты ауылдардың инфрақұрылымы үшін 15 млрд теңге, Алматы қаласының маңындағы Алматы облысына қарасты ауылдардың инфрақұрылымына 10 млрд теңге, Шымкенттің шетіндегі ауылдарға 5 млрд теңге бөлінеді. Астана шетіндегі ауылдар бойынша жобалар қазір соңғы кезеңде. Елордада жалпы сомасы 22 млрд теңгені құрайтын 13 жоба (білім, спорт, инженерлік желі) таңдалып алынды. Осы соманың 7,5 млрд теңгесі биыл бөлінеді», — дейді Татьяна Савельева. Татьяна Савельеваның айтуынша, Астана маңындағы ауылдарға қатысты жобалар сегіз тұрғын үй массивіндегі, атап айтқанда Көктал-1, Көктал-2, Ильинка, Үркер шағын ауданы, Өндіріс, Темір жол, Оңтүстік Шығыс аумағындағы мәселелерді шешуге арналған. «Ақмола облысы бойынша жалпы құны 25,6 млрд теңгенің 22 жобасы (білім, денсаулық сақтау, жылумен қамту, сумен тарту, жол) іріктеліп алынды. Осы соманың 7,5 млрд теңгесі атап өткенімдей биыл аударылады. Аталмыш жобалар Қосшы, Ақмол, Қараөткел, Қоянды, Жібек жолы, Максимовка, Шұбар, Волгодоновка, Бозайғыр, Нұр Есіл мен 96-шы резъез аудандарындағы кезек күттірмейтін мәселелерді шешуге бағытталған», — дейді ол.
АҚПАРАТ көзі: inform.kz