Ұлыс күнінің қуанышы да, жауапкершілігі де бар

Жылдың 22 наурыз күні күн мен түн теңеседі. Табиғатта жаңа тіршіліктің оянуы басталады. Табиғаттың құпиясын тани біліп, әлем тынысын тереңнен аңғарған шығыс халқы Наурыз айын жыл басы деп білген. Наурыз сөзі парсы тілінде нау – «жаңа», руз – «күн» деген мағынаны береді. Демек, біздің бабаларымыз тірші­ліктің тынысын дөп басып, жыл басын қақаған қыс емес, тіршілік бүршік атқан көктемді таңдауының өзі даналық емес пе? Шығыс елдерінде Наурыз ежелден келе жатқан мерекелі күн болса, оның өміршеңдігі сонда, күні бүгінге дейін той болып өткізіліп келеді.

Наурыз күні бас араздықтарды ұмытып, кез-келген адам арқын-жарқын сәлемдесіп, Наурыз тойына «Құтты болсын» айтатын болған. Ұлыстың ұлы күні ер адамдар қос қолдап амандасып, төс соғыстырса, әйелдер құшақтасып сәлемдескен. Сондықтан шығар ел аузында:

…Жаңа ағытқан қозыдай, жамырасып өрістен, Ұлыс күні кәрі-жас, құшақтасып көріскен, -деген өлеңнің қалғаны. Мұны жылына бір-ақ рет келетін «көрісіп» сәлемдесу деп жасаған.

Ұлыстың ұлы күні ізгі ниеттердің орындалуы да қарастырылған

Халқымыз Ұлыстың Ұлы күнін ерекше деп білгені бұл күні ағайын арасында, көршіқолаңда, дос-жарандар арасында араздасып қалған, дүрдараз болып жүргендердің татуласуын күткен. Адамдар мүмкіндігінше, өзара түсіністікпен татуласуға барған. Ал, татулық пен ынтымақ арасы, тіпті алшақтап кеткендердің арасында үлкендері, замандастары, ағайын мен жекжаттар ара-ағайындық жасап, оларды қалай да татуластыруды қарастырған. Бұл — біздің ұлттық ұлылығымыздың асқар биігі, түпсіз тұңғиығы. Татуласудан қалғандар көптен шеттетіліп, ондайларды көпке араластыруға ешкім де құлықты болмаған, яғни жалған тіршілікте татулықты қадірлей білмеген, адамзатты құрметтеуді білмейтін «қараулау» адамнан өскелең ұрпақты аулақ ұстамақшы болған.

Қазақ халқының тағы бір ұлылығын көрсететін ізгілік те осы күні жасалатын болған. Бұл күні ажырасып кеткен ерлі-зайыптыларды ортаға алып, қайта қосқан. Кеткен келінді арнайы барып алып келіп, келген қызды да қайтаруды қарастырыпты. Қайтып келген қызды іздеп, әкетуге келгендер болса, оны да ортаға салып, татуластырып жіберуді қарастырған. Бұл – біздің қазақтың бұзуға емес, түзеуге пейілді халық екенін көрсетеді. Отбасы татулығына ел ағалары мен ауыл ақсақал­дары көз қырын салып отырған.

Бұл күнгі ең үлкен мәселе — кембағал, мүгедек, жеке қалған қарт кісілердің қараусыз қалғандары бар болса, «сүйекке таңба, бетке шіркеу» болмасын деп, әлгі адамдарды жақын туыстарына қарап отыруды арнайы міндеттеп, сол елдің аманаты етіп тапсырған. Ауылдағы жалғыз — жарым жетімдердің жағдайына қарасуды да ойластырып шешкен. Осындай ер жеткен жігіттерді көпшілік болып қолға алып, оны үйлендірген, тіпті «енші алмаған қазақтың» үлесінен енші бөліп берген.

Ұлыстың ұлы күні үлкен-кіші болып қыстан шыққан жағдайдың барысын талқылаған. Жұтқа ұшырап, таяқ ұстап қалған үй болса, ауылдан жылу жинап, әлгі үйді малсыз қалдырмаған. Бұл – дана бабаларымыздан келе жатқан «адамның күні адаммен» екенін ұрпаққа ұлағат етіп қалдыру үшін, өмірде «дүние кезек» екенін сездіру үшін жасалатын іс болған. Осы Ұлыстың ұлы күні салмақты сөз етілетін нәрсе – ауылда жаман әдетке үйір болған, тентектік пен бейәдепсіздікке барғандардың мәселесін қарау болған. Ондайларды халық талқысына ашық салып, оларға дұрыс жолға түсу жетесіне жеткізе айтылып, көптің алдында уәделерін алған. Бұл күні ұлт намысын аяқасты етіп жібермеу мәселесі мұқият сөз етіліп, өскелең ұрпаққа ұлағат көрсетілген. Ел ішіндегі береке-бірліктің бастауы қазақтың әрбір отбасынан басталатындығына жете мән бергендіктен, осындай өзекті мәселелер бүкіл халықтың назарында ұсталынған.

 Наурыз тойын қалай өткізіп жүрміз?

 Наурыз күніне ер кісілер көшет дайындап қояды немесе үйге әкеліп, түбін нам топырақпен көміп қояды.

Қазақ әйелдері үйдің дастарханына қоятын ақтан және көкше байлықтан, қызылдан  ең кемі жеті түрлі дәм дайындайды. Және жеті түрлі дәмнен (ет, тұз, су, бидай, күріш, пияз, май, тары, жүгері, сәбіз, айран, құрт, сүт т.б.) наурыз көже пісіреді. Иіс-қоңыс жасап, жеті шелпек, тоқаш т.б. пісіріп қояды.

Ал, қазақ қыздары қысқы соғымнан сақталған етті пісіріп, оны уызға салып қайнатып, жас жігіттердің сыбағалы «ұйқы­ашар» дәмін түнде пісіріп қояды.  Наурыз тойына «Құтты болсын» айтып келуші жас жігіттерге дәм татқызу жасалынса, жігіттер де қарап қалмай, қыздарға айна-тарақтан сый-сияпат жасайтын болған. Жігіттердің бұл сыйы «селт еткізер», «дір еткізер» деп аталынған. Наурыз тойы

– бұрын адамдардың үй аралап «Құтты болсын» айтып, Наурыз көже т.б. арнайы дайындалған дәмдерді ауыз тиюден басталған. Наурызға дайындалған дәмнен сыртта жүрген азаматтарға сыбаға сақталынып, берілетін болған.

Наурызға не дайындаймыз?

Әдетте, Наурыз күні ер кісілер бұлақ көздерін ашып, көшелерге сәндік ағаштардың көшеттерін отырғызған. Ал, қыз-келіншектер ер кісілердің артынан ағарған тағамдарын, көже т.б. апарып, дәм татқызған. Өздері бір Алла Тағалаға сыйынып «Кеудесі түкті Жер-Ана құт-берекесімен жарылқасын» деп ашылған бұлақ көзіне май құйып, жаңа егілген талдарға ақ шашатын болған. Сондай-ақ, әйелдер бұл күні ертемен Құдірет иесінің сыйы деп, шығып келе жатқан Күнге де иіліп сәлем жасап, «Қайырымды Күн-Ана жақсылығымен келсін» деп тілек тілеген.

Үлкен сәскеге дейін бірқатар игі тірліктерді қауымдасып атқарған көпшілік сусынданып  болған соң, өмір тынысына қатысты өзекті мәселелерді талқылауға отырған. Түске қарай Наурыз көжеге шық­қан.

Ауылдың ортасына, немесе ыңғайлы беткейге киіз үй тігіп, қазан асып, бұрқылдатып шай қойып жатудың өзі қандай жарасымды болса, береке-бірліктің де негізі жасалғандай көрініп жатады. Адамның мейірімі – көзінде, Ұлыстың ұлы күні кездесіп, арқа-жарқа сәлемдесіп, шынайы тілек білдіріп, бір дастарханнан дәм татудан артық не бар дейсің, жалған дүние сыйластығында. Қазіргі кезде ауыл болып бір ортаға жиналып тойлаудың көп тиімділігінің бары да дәлелденгендей. Жылына бір рет келетін Ұлыстың ұлы күнін тойлауға немқұрайдылық көрсетпейік, Құдайым  ондай берекесіздіктен сақтасын ел ішін. Өскелең ұрпағымызға үлгі-өнегеміздің айғағы етіп, ұлтымыздың ұлылығын көрсететін ата салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыздың биіктігін көрсете білейік.

Бұл тойда тай бәйге, құнан бәйге жарыстарынан бастап, түрлі ұлттық спорт жарыстарын өткізуді қолға алу қажет. Ұлыстың ұлы күнінде тұрмыстық және қолданбалы өнердің түр-түрлерінен көрме ұйымдастырған жөн. Жастар арасында қамшы өру, көген, ноқта түюден, ою-өрнек салу мен кесте тігуден сайыстар өткізуге болады.

Ұлыстың ұлы тойының «Алтыбақаннан» басталатын қуаныш-қызығы әсем ән, күміс күлкімен көмкеріліп, кешкі «Ақсү­йек» ойынына дейін ұласып жататын болған. Ықылым заманда қазақ жеріндегі Наурыз тойының үш күннен тоғыз күнге дейін созылғандығы турасында дәйекті деректер бар.

                                                                                                                                  Нұрлан ОҢҒАРҰЛЫ.                                                                                                                                      

Шымкент қаласы

                                                                                                               

01.03.2007ж

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.