Жақсы өмiр үшiн…

Менің мектеп қабырғасынан жақсы дос болған бір құрбым бар еді. Ол бір үйдің жалғызы болғандықтан, айтқанын орындатып, өте ерке өскен қыз еді. Мектеп бітірген соң, екеуміз екі жаққа кетіп, өте сирек кездесетін болдық. Мен университетте оқып жүргенімде тұрмысқа шығып, балпанақтай ұл туып алдым. Сүйгенім жанымда, ата-енем – өте қамқор жандар. Ал енді ұлым дүниеге келгелі менен бақытты жан жоқ еді.

Бірде көшеде әлгі мектептегі құрбыммен кездейсоқ кездесіп қалдым. Оны көргеніме қатты қуанып, бірден үйге шақырдым. Үйде отырып екеуміз өткен-кеткенді еске түсіріп, ұзақ әңгімелестік. Осылай отырғанда ұлым оянып, соның әуресімен біраз жүріп қалдым. Менің абыр-сабыр болып жүргенімді көрген құрбым кенет:

– Бала туғаныңа өкінбейсің бе? Жастай күйеуге тиіп, көп нәрседен құр қалдың ғой! — дегені. Мен абдырап:

– О не дегенің! Қайта осындай бақытқа ертерек қол жеткізгеніме ризамын. Мен ана болудың қандай бақыт екенін енді түсіндім, — дедім.

– Әй, білмеймін. Басың бос болса, қазір қатарларыңмен бірге сауық кештеріне барып, біраз қызық көрер едің. Тіпті күйеуім, балам деп, мансабыңнан да бас тартыпсың, дипломың енді сандықта жатып шіритін шығар. Ал мен сен сияқты өмір сүргім келмейді. Бар қызықтан баз кешіп, баланың жаялығын жуып жүргеннің несі бақыт?-деді құрбым мұрнын шүйіріп. Мен үндемедім.

Осылай сөйлесіп отырғанымызда, кенет құрбым: «Сен білесің бе, мен де бала тудым ғой», — деді. Мен оның тұрмысқа шыққан-шықпағанын да сұрап жатпастан, қатты қуанып, «бауы берік болсынымды» айтып, «атын не деп қойдыңдар?» деп сұрап жатырмын. Ал ол…

– Мен тіпті өзімнің аяғым ауыр екенін де байқамаппын. Тіпті әкесінің кім екенін де білмеймін… Мен қазір әкемнің фирмасында істеймін. Сол фирманың жұмысымен шетелге көп шығамын. Жұмыс-жұмыс деп сүрініп-қабынып жүріп, етеккірімнің тоқтап қалғанын да байқамаппын. Әйтеуір, толып бара жатқанымды ғана білетінмін. Бір күні бір іскерлік кездесуден кейін үйге келіп құладым. Алғашында белімнің сырқырап ауырғанына мән бермей, қатты шаршағаннан болар деп ойладым. Өйткені, күні бойы биік өкшемен жүру де оңай емес, өзің де білесің ғой… Сонымен, таңға жақын шыдатпай кеткен соң жедел жәрдем шақырдым. Ал дәрігерлер менің толғағым басталғанын айтты…

Балам мерзімінен бұрын, жеті айлық болып дүниеге келсе де, он екі мүшесі сап-сау болып туылды. Бірақ, менің ол балаға қарағым келмеді. Қазір қолыма алсам, ол менің бар өмірімді ұрлап алатындай, оны соншалықты жек көрдім. Баланы сол перзентханада қалдырып кеттім. Дәрігерлердің бәрі менің баланы алып кетуімді сұрап, қатты да айтты, жалынды да. Бірақ, менің жүрегім қатып қалған сияқты. Мен еркін өмірімнен айырылғым келмеді. Ал бірнеше күннен кейін перзентханадан шыққан соң, бірден шетелге демалуға ұшып кеттім. Бұл туралы, әрине, ешкім білген жоқ. Тіпті ата-анам да….

Құрбым осы әңгімесін айтып отырғанда өз-өзімнен жүрегім айнып, көз алдым қарауытып кетті. Мен оны жұбатқым келмеді, керісінше, одан тезірек құтылғым келді. Содан кейін ол кеткенше ләм деп аузымды ашқан жоқпын. Ол кетуге жиналғанда да қоштаспастан, соңынан есікті жауып алып, енді Жаратқанның онымен ешқашан жолымды тоғыстырмауын сұрадым. Өйткені, «жақсы өмір» үшін өз баласынан жеріген оған енді құрбым тұрмақ, адам деген атты да қия алмасым түсінікті еді…

Әсем.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.