Сандарда да жан бар

Әлемнің әйгілі медицина және математика мамандары ең күрделі есептерді оп-оңай шеше алатын Деви Шакунталаның миы микросхемаға ұқсас екендігін мойындады. Девидің ерекше дарыны таңқалдырып қана қоймай, тіпті кейде қорқыныш та тудыратын. Оның Сидней университетіндегі электронды-есептеу машиналарымен сайысына куә болған австралиялық математик Б.Торнтон: «Қорқынышты көрініс. Мен адамның миы мұншалықты биіктікті бағындыруға қабілетті деп ешқашан ойламаған едім» деген екен.

Деви 1929 жылы Үндістанның Бангалор қаласында кедей отбасында дүниеге келіпті. Оның әкесі циркте әуе гимнасты болып жұмыс істеп, Девимен қосқанда 12 баласын осы кәсібімен асырауға мәжбүр болған. Қызының ерекше қабілетін байқап, 3 жасында оқу мен жазуды үйрете бастаған да осы әкесі. Оның дарынын дамыта түсу үшін әкесі әртүрлі басқатырғыштар ойлап тауып, кейін циркке арнайы көрініс етіп алып шығады. Осылайша Деви 5 жасында-ақ өз қаласында әйгілі болады. Ол 6 жасында Майсура университетіндегі ғалымдардың алдында өзінің ерекше қабілетін дәлелдейді. Осыдан кейін Деви әкесі екеуі басқа қалаларға гастрольге шығып, көпбалалы отбасын асырауға жеткілікті ақша таба бастайды. Бірақ, мұндай гастрольдік сапарлар Девидің оқуына да кері әсерін тигізбей қоймады. Ол математикалық есептердің жілігін шаққанымен, басқа сабақтардан үлгерімі нашар болды.

Мектеп бітірген соң, Деви университетке түсіп, ғылыммен айналысуды армандайды. Бірақ, салт бойынша ерте тұрмысқа шығып, арманынан уақытша бас тартуына тура келеді. Алайда бұл некесі сәтсіз болып, бір қызымен ажырасқан соң, көп жыл шетелде өмір сүруге мәжбүр болады.

Арада біраз жыл өткенде математика әлеміне қайта оралған Шакунтала тағы да өз қабілетімен елді таңқалдыруын жалғастырады. «Тақтаға немесе қағазға жазылған сандар жай белгі емес, олар да тірі тіршілік иесі» дегенді жиі айтатын оның көп мәнді сандармен әртүрлі амалдарды ойша орындай беретін ерекше дарыны расында таңқаларлық еді. Айталық, 7686 369 774 870 санын 2 465 099 745 779 санына көбейтіп, 18 947 668 177 995 426 462 773 730 деген нәтиже шығару бәріміздің қолымыздан келеді. Бірақ, бұл есепті шығару қанша уақытыңызды алар еді? Ал Шакунтала мұндай есепті небәрі 28 секундта шығарып береді. Және тек ойша шығарады!

1977 жылы Даллас университетінде ол 201 мәннен тұратын саннан 23-ші дәрежелі түбірді шығару үшін небәрі 50 секунд қана жұмсаған! Университет компьютері нәтиженің дұрыстығын растаған. Бірақ, компьютердің өзі бұл есепті шығару үшін бір минуттан артық уақыт жұмсаған. Осыдан кейін оның есімі «Гиннестің рекордтар кітабына» енеді.

Деви өз мүмкіндіктерін көрсетуден қашпаған, бірақ ол өзін математик емес, тек цирк әртісімін деп есептеген.

Оның ерекше қабілеті ел экономикасының әртүрлі салаларындағы маңызды мәселелерді шешуге де пайдаланылған. Үндістанның банктеріне ол миллиардтық теңгерімдерді тексеріп, қорытындылауға көмектеседі. Бұл жұмысқа ол бірнеше минутын ғана жұмсап, мемлекеттің қаншама экономистер мен статистикалық қызметкерлерді жалдауға жұмсайтын ақшасын үнемдейді. Деви елдің демографиясындағы күрделі мәселелерді шешуге көмектесетін есептеулермен айналысады, бұған қоса осыған дейін шешімі табылмай келген статистикалық есептерді жеңілдетіп береді. Көптеген жылдар бойы ол тек экономистермен ғана емес, өндірістік сектормен де тығыз байланыста жұмыс істеп, Үндістанның өнеркәсібін дамытуға көп ықпал етеді.

Сандарды ерекше бір түйсікпен сезіне алатын Деви белгілі бір адам үшін қай санның сәттілік әкелетінін айта алатын және барлық маңызды шаруаларын сол саны бар күнге жоспарлауға кеңес беретін. Ол тіпті сол сандардың көмегімен адамның өткенін де есептеп айтып бере алатын болған. Дәл осы математикалық есептеу жолымен саяси сайлаулардың қорытындысы, қарулы қақтығыстардың басталатын және аяқталатын күні, т.с.с. әлемдік деңгейдегі оқиғаларды болжайтын да қабілеті болған.

Медициналық тұжырымға сүйенсек, адамның ақыл-ой қабілеті есейген сайын әлсірей бастайды. Ал Девиде бәрі керісінше: жасы ұлғайған сайын оның миының мүмкіндіктері күшейе түскен, яғни барған сайын оның шеше алатын математикалық есептері күрделене берген.

Шакунтала Деви 2013 жылы 21 сәуірде тыныс жолдарының қабынуы салдарынан жүрегі мен бүйрегі істен шығып, 84 жасында көз жұмады. Ол заманауи ғылымға «Адам миының шын мәніндегі мүмкіндіктері қандай?» деген аса күрделі сауалды қалдырып кетті.

Дайындаған

К.ТІЛЕПОВА.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.