Ақиқаттың ақырғы нүктесі қойылды ма?

Газетіміздің 26.01.2019ж №04 санында «Әділ сот төрелігі – «шымкентшелеудің» жолына тосқауыл» тақырыбымен материал жарияланған болатын. Онда Түлкібас ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы М.Орынбаевтың өзін Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» РММ «Белгісіз себептермен жұмыста болмауына байланысты» деп 25.12.2018ж №248 бұйрықпен жұмыстан босатқандығы және шағым жасауынан кейін Түркістан қалалық сотының судьясы С.Абсаматовтың 04.01.2019ж. №2-3342 істі қарап, қабылданған шешімі туралы жазылған бола­тын.

Судья С.Абсаматовтың осы шешімінде М.Орынбаевты Отырар ауданына қызметке ауыстыру және кейінгі жұмысынан босату туралы департамент басшысының бұйрықтарының күшін жойып, «Орынбаев Мықтыбек Қалаубековичті бұрынғы жұмысы – Түлкібас ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы қызметіне қайтадан орналастырылсын» деген, тіпті бос жүрген күндері үшін жалақы өндірілсін дегендерді көрсеткен болса, басылым бетіне солар жарияланды.

Ал, алғашқы сатыдағы сот шешімі шыққаннан кейін 3 ай өткенде, газетте мақала шыққанан кейін бір жарым ай өткенде Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті ҚР Азаматтық процестік кодексінің 427-бабының талаптарына сәйкес, департамент аталған шешімге Түркістан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істері жөніндегі аппеляциялық сот алқасына аппеляциялық шағым келтіреді.

Редакцияға Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінен келген 15.03.2019ж. шығыс МКД -03-01№4006 хатында: «Түркістан облыстық соты департаменттің аппеляциялық шағымын жан-жақты қарап заңды баға беріп, Түркістан қалалық сотының 04.01.2019 жылғы №2-3342 іс шешімін заңсыз деп танып күшін жою туралы 12.03.2019 жылы №2а/185 қаулы қабылданып заңды күшіне енді» деп жазылған.

Біз редакцияға келген ресми құжаттардан үзінділер жарияладық. Ал, соттың шешімі мен қаулысының қаншалықты дұрыс екендігіне баға беруге біздің құзыретіміз жетпейді.  Қолдағы ресми құжат жазбалары ақпарат ретінде берілді. Бірінші сатыдағы сот шешімінің дұрыс еместігін көрсетіп, жоғары сатыдағы сот қаулы қабылдаса, біз оған төрелік айтудың орнына заң талаптары аясында департаменттің іс-қимылы дұрыс болғандығын ақпарат ретінде ұсынамыз. Газет бетінде департамент басшысының қабылдаған шешімін айыптайтын ақпараттық жарияланым жасалынған жоқ. М.Орынбаевтың кірістер саласы қызметінде 35 жыл, оның ішінде 30 жыл басшы болғандығы туралы мәліметте жылы лебіз білдірілсе, оны теріске шығаруды негізсіз деп есептейміз.

Департамент М.Орынбаевтың қызметтік міндетін атқару барысындағы жағдайға тексеру жүргізіп, анықталған заңбұзушылықтар бар деп хабарласа, оны басылым бетінде жариялауға міндетті емеспіз.

Департамент пен басқарманың басшысы бірін-бірі таба алмай, түсіністікті бетпе-бет шешуге бара алмаса, редакция оларға не демек? «Саналы ғұмырымды осы салада адал жұмыс істеуге арнадым, зейнеткерлікке шығуға 8 ай қалғанда көшеде қалуым керек пе?» деп күйінетін М.Орынбаевқа не айтарсың? «Шымкентшелеумен» басталған бұл дау-дамай Жоғары сотқа жетпейді деп айта аламыз ба? Күтейік, бәріне төреші уақыт қой.

Ә.Мұратбеков.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.