Ауыз судың ластануынан сақтаныңыз
Су – физиологиялық, гигиеналық, ауылшаруашылық және эпидемиологиялық маңызы бар сыртқы ортаның маңызды факторы. Сапасыз ауыз суын қолданудың зардабы көп.
- Су көздерінің шаруашылық — фекальды, т.б. ағынды сулармен ластануына байланысты жұқпалы аурулар мен гельминтоздардың (холера, іш сүзегі, паратиф, жұқпалы гепатит, лептоспироз, туляремия, лямблиоз, трихоцефолез, описторхоз, кейбір аденовирусты аурулар) шығады.
- Өнеркәсіптің ағынды суларының түсуінен су қоймаларының химиялық заттармен ластануына байланысты жұқпалы емес аурулар да тарайды.
- Судың табиғи құрамымен байланысты табиғаты жұқпалы емес аурулар (фитодооз, нитратты метгемоглобинемия т.б.) да тіркеледі.
Сапалы су келесі гигиеналық талаптарға сәйкес болуы керек:
– Органолептикалық қасиеті жақсы;
– Химиялық құрамы зиянсыз және тұрақты;
– Құрамында патогенді микроорганизмдер мен ауру қоздырғыштарының болмауы.
Су сүзгімен және сүзгісіз тазартылады. Бүгінде арнайы сүзгісі бар түрлі ыдыстар бар, сондай-ақ, сүзгі кран шүмегіне де орнатылады. Суды қайнату әдісі де судағы вирустар мен бактерияларды, микроорганизмдерді өлтіріп, ондағы төмен температуралы радион, аммиак секілді газдар мен хлордан арылу үшін қолданылады. Бұл әдіс белгілі бір дәрежеде суды тазартады. «Өлі» судың пайдасы молырақ. Көп мөлшердегі суды ыдысқа құйып, мұздатқышта мұз болып қатқан соң, оны ерітіп ішсе кристалданған таза су болып шығады. Мұндай су ауруға шалдықтырмайды деп айту қиын. Дегенмен құрамындағы зиянды бөлшектерден арылуға болады және өмірге аса қауіпті ауруларды болдырмайды.
А.Тулебаева, Қаратау ауданы ҚДСБ бас маманы