Кәсіпкерлік Кодекстегі жаңа нормалар

Жаңа Кәсіпкерлік Кодексі (29.10.2015 жыл №375-V ҚРЗ) – Қазақстан Республикасының  6 Заңының қосындысынан, атап айтқанда: 1)«Шаруа немесе фермер қожалығы туралы», 2) «Инвестициялар туралы»,  3) «Жеке кәсiпкерлiк туралы», 4)«Бәсекелестік туралы», 5) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы»,6)«Индустриялық инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарынан құралып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген Кодекс болып табылады.

Кәсіпкерлік кодекске енгізілген өзгерістер «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 53- қадамынан бастау алады: біріншіден – монополияға қарсы қызмет жұмысының концепциясын өзгерту; екіншіден – «Бәсекелестік туралы» Заңды Экономи­калық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттары мен принциптеріне сәйкес келтіру көзделген болатын.

Нәтижесінде «Бәсекелестік туралы» Заңның күшін жою арқылы Кәсіпкерлік Кодекске Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы­на енген мемлекеттердің  стандарттары мен принциптеріне сай тиісті нормалар енгізілді. «Бәсекелестік туралы» Заңы мен қазіргі қолданыстағы Кодекстегі бірқатар өзгерістерге тоқталар болсам, ол: Бірінші: 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап­ реттелетін нарықтағы үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъек­тіле­рінің мемлекеттік тізілімі алынып тасталды.

Екінші: 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қоғамдық маңызы бар нарықтардан басқа қызметтерге бағаны реттеу тоқтатылады және ол монополияға қарсы реттеу құралдарына ауысты, яғни, баға белгілеуде нарық субъектілерінің келісуі, үстем жағдайды өз пайдасына шешу арқылы монополиялық жоғары немесе төмен бағаны қойғаны үшін субъектілердің құқық бұзушылық іс-әрекетері қаралатын болады.

Нарық субъектілерінің келісуі арқылы бағаны белгілеу мәселесіне келер болсақ,  қазіргі таңда монополияға қарсы органмен 2018 жылда тауық етін сату кезінде негізсіз баға белгілеу фактісі бойынша 2 нарық субъектісіне тергеу жүргізілуде.

Бұл келтірілген құқық бұзушылықтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 159-бабына сәйкес сотпен қаралады, монополиялық кіріс тәркiлене отырып, шағын немесе орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне, коммерциялық емес ұйымдарға алынған кірістің (түсiмнiң) – үш, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бес пайызы мөлшерiнде айыппұл салынады.

Үшінші: Жол берілетін деп танылуы мүмкін қандай да бір келісімге қол жеткізу ниеті бар нарық субъектілері монополияға қарсы органға қажетті құжаттарды, алдын ала өтініш жасауға құқығын беру туралы жаңашылдық қабылданды. Монополияға қарсы орган күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзімде нарық субъектісінің алдын ала келісімі жобасы монополияға қарсы заңнамасына қайшы келмейтін, бәсекелестік ортаны шектеуге әкеп соқпайтын талаптарына сәйкестігі немесе сәйкессіздігі туралы шешім қабылдайтын болады.

Төртінші: Нарық субъектілерінің пайдасына қосымша ескертпе негізінде субъектілерінің әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылу белгілерінің бар екені туралы алдын ала  хабарлама беру құралы енгізілді. Осыған орай, ескерту шаралары кезеңінде нарық субъектілеріне тергеу жүргізбей және тиісті жауапкершілікке тартпастан бұрын, нарық субъектілерінің өз қызметіне зиян келтірмей және алдыңғы құқықтық арнасына қайтуға мүмкіндіктері болады.

Өз кезегінде департамент 2018 жылдың қорытындысымен бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылу белгілерінің бар екені анықталып, осы бұзушылықтарды жою талабымен 7  хабарлама берілді. Хабарламадағы орындалуы керек талаптар, ол негізсіз көтерілген жұмыртқа, тауық еті бағасын түсіру, билингтік компания­мен біріңғай төлем түбіртегін шығару кезінде келісім-шарты жоқ тұтынушыларға төлем талап етуді тоқтату және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметі үшін төлем талап ету кезінде нақты адам санын ескере отырып артық төлем талап етуді тоқтату, артық алынған сомманы тұтынушыға қайтару.

Қорыта келе монополияға қарсы заңнамасына енгізілген өзгерістер және «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 53-қадамындағы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарына сәйкестендіру бойынша алдағы болатын өзгерістер ең жақсы әлемдік әдістер мен тәжірибелерден алынуы, ішкі нарықтағы бәсекелестік ортаның және жалпы еліміздің экономикасының дамуына оң ықпал беретініне сенімдімін.

Ш.Әжібеков,

ҚР ҰЭМ ТМР, БжТҚҚК  Шымкент қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.