САРЫП – ҚАУІПТІ ІНДЕТ

Сарып – еңбекке қабілеттілікті ұзақ мерзімге жоғалтуға әкеп соғатын жұқпалы ауру, оның тудырғышы – ұсақ бруцелла бактериялары. Сарыппен барлық ауыл шаруашылық малдары, көбінесе қойлар, ешкілер, ірі қара мал және шошқалар ауырады. Адамдар сарыпты қойлар мен ешкілерден жұқтырған кезде аурудың ауыр түрде өтуі байқалады.

Аурудың жұғу жолдары: Ауру малдар әсіресе айналасындағылар үшін іш тастағанда, түлік төлдегенде оның қабығымен, шуымен, сондай-ақ сүтімен, зәрімен сарыптың жұғуын тудыратын микробтар бөлініп шығады.

Ауру малды күткен адамдар ластанған қолдарын жумай тамақтанғанда, темекі шеккенде, сонымен қатар тамаққа сарыппен ауырған малдардың, әсіресе қой мен ешкінің шикі сүтін және ірімшікті қолданғанда жұғады. Қоздырғыш ас қорыту жолдары, тері және сілекейлі қабықтағы жарақаттар, сызаттар және басқа да зақымданған жерлер арқылы ағзаға түседі.

Ағзаға ауру жұққанда лимфа бездері, бауыр, көк­бауыр ұлғаяды. Сарыптың жіті түрі – 2 айға дейін, жартылай жіті түрі – 2 айдан 4 айға дейін, ал созылмалы түрі 2 жыл, одан да ұзақ мерзімге созыла­ды.

Адамның сарыппен науқастану белгілері екі, үш аптадан кейін, кейбір кезде бір айдан кейін білінеді. Көбінесе қызуы көтеріле­ді (39-400С), бас ауруы пайда болады, ұйқы, тәбет бұзылады, бауыр, көкбауыр ұлғаяды, әсіресе түнде қалтырайды және шамадан тыс терлейді, бірнеше күннен немесе аптадан кейін бас ауруы және тізе, жамбас, балтыр, иық, сирек жағдайда шынтақ буындарының домбығуы пайда болады. Буын пішіні және кескіні өзгеріп, оны қоршаған жұмсақ тіндер қабынады және ісінеді. Буынның айналасындағы тері қабыршықтанады, кейде бөртпе пайда болады. Адамдар сарыппен апталап, айлар бойы ауруы мүмкін, бұл мүгедектікке немесе ұзақ уақыт еңбекке жарамсыздыққа жеткізеді.  Неғұрлым емдеуді ерте бастасаңыз, соғұрлым ерте, толық сауығатыныңызды еске сақтаңыз!

Сарыптан сақтану жолдары: Сарыпты емдеуден гөрі алдымен малдардағы осы аурумен күресу қажет. Ауру малдардың шикі сүтін ішпеу және сатпау керек, мұндай сүтті 70 градуста 30 минут қыздыру (пастерлеу) немесе қайнату қажет;

– сарыппен ауырған малдың етін асып, қатты қуырғаннан кейін ғана тамаққа қолдану қажет;

– малдарды сатып алғанда сарыппен ауырмайтындығы туралы куәлікті талап ету;

– іш тасталған төлді иттерге беруге тыйым салынады;

– мал шаруашылығы өнімдерін тек ветеринарлық -санитарлық жағынан қатаң бақыланатын және өнімдерді сақтау мен сатуға арналған барлық жағдайлар жасалған сауда желілерінен, ұйымдастырылған базарлардан ғана сатып алу қажет.

Е.Түктібай,

Қаратау ауданы

ҚДСБ басшысы

                                                     

 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.