Рухани жаңғыру емес, ессiздену етек алған жоқ па?

Редакцияға хабарласқан С. есімді оқырман өзінің қызын тұрмысқа берудің мәселесі сөз етілген «Тәтті шайда» болашақ құдағиының «Әкелетін тоғызына «Аруақтар тоғызын» қосуды» талап еткенін айтып күйінгендей болды.

С: «Мен болашақ құдаларыма «тряпка» беруге сараңдық жасап отырған жоқпын. Барша­мыз рухын қастерлейтін «Аруақтарды» қалың елдің алдында мазаққа айналдырып жіберген жоқпыз ба? Желауызды екеудің бірі «мына Пәленше атаның сүйегі қурап кеткен аталарына дейін «Құдалықтың киітін» киіп, қасындағы мазартта жатқандардың көзін қыздырмақшы ма?» деп айтпасына кім кепіл? «Басында кебінмен жерленіп еді, енді ол жақтың «Дискотекасына» қатысуға қолдары жетіп, «классический» костюм іздеп қалған ба?» деп одан әрі мазақтамай ма?

Жаратушы иеміздің шарапа­тымен көйлегіміз көк, тамағымыз тоқ, екінің бірінде автокөлік, той-қуаныштарымыздың өзін жалдамалы «Тойханаларда» өткізуге дейін қолымыз жеткенде «Шүкіршілік» етіп ұлттық құндылығымызды сақтаудың орнына, еріккен сарттың ермегіндей етіп, өзіміздің пасық пендешілік «ойынымызға» аруақтарды араластыруға дейін барып қалғанымыз ба? Не деген сорақылық! Өліп кеткен адамға киіт беруді кім шығарды? Мыңдаған жылдарда дана бабаларымыздан қалған – қыз ұзатылған үйде Аруақтарға бағышталып, «өлітіріге» келген малды сойып, Құдайы ас беріліп, Құран сауабын бағыштау бар емес пе? Аруақтардың рухына одан қастерлі құрмет жоқ еді ғой. Абылайдың түсіндегідей, мына заманның «бақа-шаян» ұрпағы келіп Аруақтарды мазалауға шыққаны ма? Біз алдымен тыныш жатқан аруақтарды сүйрелеп, әп-әдемі «Беташар» салт-дәстүрімізге ықпаландық.

Келін түсірген әулеттің өліп кеткен арғы ата-бабаларын түгел­деп, олардың атын атап, жаңа түскен келінге сәлем салғызатын болдық. Халқымыздың осыдан 100 жыл, 300,500 жыл бұрынғы тарихында осындай өрескелдік болып па еді?! Тіпті, өткен ғасырдың 70-80 жылдарына дейін мұндай келеңсіздікті көрген жоқ едік қой. Осының бәрін шығарып жүрген ер азаматтарымыз, ақсақалда­рымыз деп ойлайсыз ба? Әрине, жоқ. Бәрі мына күн қысқарған заман­ның бетал­дылыққа кеткен қатын-қалашының тірлігі екеніне шүбәңіз болмасын.

Жаңа қоғамдық құрылыстың алғашқы қиындығы-ақ еркектердің еңсесін түсіріп жіберді. Онсыз да аяулы аналардың қолдауымен, ақыл қосып отыруымен жүрген еркектер аз қиындықтың өзінде сыр беріп алды. Кешегі дана бабалардың: «Қатынға айтпа сырыңды, қатынға айтсаң сырың­ды, қатын сенің көрмейді бір тиын­дай құныңдының» дәл өзі келіп, еркек­тер қойнындағы қосағына «Тек, тек» деп айту түгілі, оның бір ауыз жылы сөзіне «морт» сынып қалатын болған жоқ па?

Тіпті, түп-төркіні «хан­­­­шай­ым» мағына­сын біл­­­­­діретін «қатын» сөзін лақтырып тас­тап, қойны­мыз­д­ағы адал жарымызды түпкі мағы­насы «күң, ойнас, көңіл­­дес» дегенді білдіре­тін «әйел» деп айтып, мақауымыз шығып отырған жоқ па? «Әйел» сөзінің мағынасын түсі­не­­тін өзге ұлт өкілдері біздің «әйел, әйел» деп сөйлесіп жат­қа­­ны­­мызды естігенде мы­на қазақ бауыр­ларымыздың қатын­дары шыны­мен «әйел – күң, ойнас, ашына, көңілдеске» айна­лып кет­кені сұмдық болыпты ғой деп жағасын ұстамай ма? Ықы­лым заманнан күні бүгінге дейін «қатын-ханым» сөзін пай­дала­нып келе жатқан өзбек, түрік т.б. түбі бір халықтың азамат­тары өздерінің өмірлік қосақ­­тарын «көңілдесім, ой­на­сым, күңім» деп айт­пай­тынына қалай риза бол­массың? Біздің «әйел­дерге» «қатын» деп айтып көрші, не бола­тынын өзің көре жатарсың.

Жалпы нәзік жан­дылар­­дың тізгіні қол­дан шығып кеткен­діктен шығар, «әйел­дердің» ұйғары­мы­мен ұлт­тық құндылығымыздың өзге­лер қызы­ғатын салт-дәстүр­леріне бүгін­де есіткен жан түршіге­тін сора­қылықтар қосқан үстіне қосып жатқанымыз.

Қараңыз, біздің таулы аудан­ның бір ауылында келін түсірген үйдің кемпірі жаңа түскен келінді күйеуімен қосып алдына шақырып алыпты да: «Мына келінді маза­рат­қа апар, атасы мен әжесінің моласына сәлем салсын»,- депті. Екінші бір ауылда дәл осы жағдай қай­таланғанда өрелі де, ойлы, батыл­дау келін енесіне: «Апа, осы өлге­ндерді қоя тұрып, тірілерге сәлем салуды қарық қылып алайын», -депті қасқайып тұрып. Сонда осы келеңсіздікті де өмір сал­тына енгізбекпіз бе? Осыны ер азаматтардың мешітте отырып жасаған пәтуасы деп ешкім де айта алмаса керек.

Аруақтарға тиетіні, тек Құран сауабы ғана емес пе? Жас келінді мазаратқа барып, сәлем салуға жұм­сап жатқан «данышпан» ене­лердің ақылы асып бара жатса, жұма сайын Құдайы жеті наныңды істеп, аруақтарға Құран оқытқыз, қала берді жеті наныңды жұртқа таратып отыру­ды ұмытпа деп тәрбиелесе бол­май ма? Бұрын қонаққа келген үлкендердің алдындағы ыдыс­ты алып кетуге келіп, ас ыдыс­ын берген үлкендерге сәлем жасап, солардың баталы тілек­терін есітіп өсетін еді. Қандай жара­сымды көрініп тұратын. Ал, қазір соның бәрі ұмытылып жат­қан­да, жас келінге мазаратқа сәлем жасатқызамын дегеніміз біздің өскендігімізді көрсете ме, өшкен­дігі­мізді көрсете ме?

Бұрын қазақта құдалыққа қатын­­ның барды дегені болған емес. Құдалыққа ер кісілер ғана жол-жолымен, жөн-жөнімен барған. Құдалыққа жасы бойынша жас та болса, еркек барған. Қазақтың көрнекті қаламгері, қара сөздің хас шебері, жазушы Мархабат Бай­ғұттың 7 жасар баланың құда­лық­қа баруы туралы әңгімесін оқы­ғандар болса, қазағының кере­мет даналығын тереңнен түсі­ніп, ұлттық құндылығымызға жамау жапсыруға бара алмас еді-ау. Бірде хабарласқан оқыр­ман Рухани жаңғыруды жандан­дыры­ңыздаршы дей отып, өзінің нағашы апасының өзімен хабар­лас­қанда: «Жиен-ау, нағашы қарындасыңның құдалығына 13 әйел,бір еркек болып барып қайт­тық» деп айтқанына намыстан жарылардай болып күйінгенін көр­ген едік. Қазір ойымызға не келсе, соны істейтін болдық .

Бірде 500-ге жуық адам жинал­ған жастардың үйлену тойын­да,тойды ашуға 4 әйел, 1 еркек ортаға шыққанда көрші үстелде отыр­ған жігіттердің бірі: «Мына елдің еркектері қырылып қалған ба?» — деп ашуланғанын көріп едік. Еркек тұрғанда «әйелдің» бата бер­мейтінін ұмытып, ұлттық құндылығымыздың асы­лын да аяқ асты ете бастадық.

P.S. Қадірменді оқырман! Сіз­дер­дің де өзекті мәселе бойынша айтар орнықты ойлары­ңыз болса, оны тоқ­таусыз жариялайтын бола­мыз.

Ә.МҰРАТБЕКОВ.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.