ПРЕМЬЕР-МИНИСТР АСҚАР МАМИН ЖҰМЫС САПАРЫМЕН ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНА БАРДЫ
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Түркістан қаласының құрылыс жұмыстарын уақытылы іске асыру және өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету барысын тексерді.
ҚР Үкіметінің басшысы облыс орталығына келген бойда «TurkistanInternationalAirport» халықаралық әуежайының құрылысының орнына капсула салу рәсіміне қатысты. Жоба YDA Holding түрік компаниясымен бірлесіп іске асырылатын болады, тартылатын инвестициялар көлемі $70 млн астамды құрайды.
YDA Holding басқарма төрағасы Арслан Хусейн әуежайдың халықаралық стандарттарға сай жобаланатынын және соңғы шыққан құрылыс технологияларын пайдаланыла отырып жүзеге асырылатынын айтты. Терминалдың өткізу қабілеті жылына 3 млн жолаушыны құрайды. Нысанды 2020 жылдың соңында пайдалануға беру көзделген.
Жұмыс сапары аясында әлеуметтік нысандар мен әкімшілік мақсаттағы ғимараттарды салу барысы қаралды, олардың қатарында оқушылар сарайы, туристік бағыттағы колледж, спорт және музыка мектептері, спорт сарайы, Халыққа қызмет көрсету орталығы, аттракциондары бар парк, музыкалық фонтан, амфитеатр, сондай-ақ, облыстық әкімдік, медиа-орталық және конгресс холл бар.
Қаланың тарихи-мәдени орталығында Қ.А. Яссауи музейін, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананы, шығыс моншасын салу және визит-орталығының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары тексерілді.
Сонымен қатар, Премьер-Министр А. Мамин саябақ пен «Нұр-Сұлтан» алаңының, Неке сарайының, «Rixos Turkestan» қонақ үйінің құрылысы басталған алаңдарды барып көрді.
Жаңадан салынып жатқан ғимараттарды электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласында «Яссы» шағын станциясы салынатын болады. Қазіргі таңда оның іргетасын қалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. А. Маминге нысанды 2020 жылдың бірінші жартысында пайдалануға беру көзделіп отырғаны баяндалды.
Қаладағы жолдар сапасын жақсарту және көшелерін абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді.
ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің Түркістан облысына жұмыс сапары аясында жалпы сомасы $1,97 млрд құрайтын 5 құжатқа қол қойылды:
- Түркістан облысының әкімдігі мен «Эко-культура» ресейлік компаниясы арасындағы $1,1 млрд сомасына Келес ауданында ауданы 500 га болатын жылыжай кешенін салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі және KAZAKHSTAN CHN-KZ ELECTRIC INDUSTRIAL PARK GROUP қытай компаниясы арасында $524 млн сомасына «Түркістан» индустриялық аймағында энергетикалық жабдық пен бұйымдар шығару бойынша Қазақстан – Қытай индустриялық паркін салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- ҚР Энергетика министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі және KAZAKHSTAN CHN-KZ ELECTRIC INDUSTRIAL PARK GROUP қытай компаниясы арасындағы $225 млн сомасына Кентау қаласында қуаттылығы 200 мВт болатын «Қотырбұлақ» жел электр станциясы мен күн электр станциясын салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- Түркістан облысының әкімдігі мен «KazPV LTD» ЖШС арасындағы $100 млн сомасына, қазақстандық кремний негізінде фотоэлектрлік модульдерді пайдаланатын, қуаттылығы 100 мВт болатын күн электр станцияларын салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- Түркістан облысының әкімдігі мен POLCOTTON LTD поляк компаниясы арасындағы $27 млн сомасына Сайрам ауданында аумағы 21 га болатын жылыжай кешенін салу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.