ТҮРКІСТАН: РУХАНИ МЕКЕННІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ
Бұл жөнінде 24 мамыр күні «Түркістан-Адалдық алаңы» Жобалық кеңсесінің бастамасымен Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ахметов Ербол Құланбайұлы онлайн-пресс конференцияда айтып өтті. Баспасөз жиын барысында Ербол Құланбайұлы облыс орталығы Түркістан қаласында салыну тиіс құрылыс жобалары мен атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Сондай — ақ, спикер алдағы уақытта рухани мекенде бой көтеретін әлеуметтік маңызы бар және ірі денсаулық сақтау нысандардың құрылысы туралы атап өтті. Бұған қоса, пресс конференция барысында жергілікті атқарушы органдарында кезекте тұрған азаматтарға «Нұрлы Жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде 2019 жылы берілетін арендалық тұрғын үйлер мен «7-20-25» бағдарламасы негізінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары бойынша қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берді. Яғни, Түркістан қаласындағы «Отырар» мөлтек ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында 660 пәтерлі 11 көпқабатты тұрғын үй, ал, жыл соңында 540 пәтерлі 9 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда екенін, бұл үйлер қала үй кезегінде тұрған тұрғындарға өз кезегімен берілетін болады. Ал, «7-20-25» бағдарламасы аясында жаңа мөлтек ауданда жеке инвесторлар есебінен көпқабатты 6 ипотекалық тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатқанын да хабардар етті. Ербол Құланбайұлының айтуынша, биыл жыл соңында дейін бірқатар нысандардың құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Іс-шара соңында әлеуметтік желіде азаматтар тарапынан қойылған сұрақтарына жауаптарын алды.